"Ақындар азамат бола алады, бірақ барлық азамат ақын бола алмайды" деп келелі ой айтқан ақын Тыныштықбек Әбдікәкімұлы әуелден миымызға сіңіп қалған "Ақын болу - міндет емес, азамат болу - борышың" деген пікірдің нүктесін қойғандай болды. Иә, осындай жұртшылықты жырмен әуелеп, ұшқыр ой мен шешен тілді ұйып тыңдауға жетелейтін шығармашылық кеш Светлана Мендигалиевнаның жетекшілігімен, сонымен қатар, Ж. Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжінің ұйымдастыруымен мамыр айының 30-жұлдызында өтті.
Шығармашылық кешті Жаһанша ордасының түлегі, қазіргі таңда ТДК-42 телеарнасының жүргізушісі Жандос Хамза жүргізді. Кеш шымылдығын Тыныштықбек Әбдікәкімұлы өзінің өміріне, туған топырағына қатысты сұрақтарға жауап бере отырып, ақындық қабілетінің шыңын қай тұста байқағандығын, неге ақындықтан уақытша қол үзгендігін және ең қызығы, ақындық қабілеттің кімнен, неден дарығандығын тыңдарман қауымға жеткізу сөзімен ашты. Осы сөзден кейін Ж. Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжінің студенттері ақынның туған еліне, жеріне, анасына арнаған өлеңдерін нақышына келтіре оқып берді.
"Қыздарым, ақын - періште халық. Ақынның жары - ең бақытты жан" деген тұжырымды оймен сөзін түйіндеген Тыныштықбек Әбдікәкімұлының жары, Семейдегі М. Әуезов атындағы педагогикалық колледжінің директоры Шағангүл Жанаева жастардың ойында тулаған сұрақтарына жауап берді. Осы тұста Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Бауыржан Халиолла Тыныштықбек Әбдікәкімұлына, Шағангүл Жанаеваға және жазушы Қуандық Түменбайға "Құрмет" медалін тақты. Әрі қарай колледж студенттері ақынның "Шағанайым" атты жарына арнаған өлеңдерін оқып, тыңдарманды ерекше сезімге бөледі. Абай ауылынан Жайық жағасына келген абзал жандарға арнап ҚР Мәдениет саласының үздігі Майра Хайдарова "Жайықтың ерке самалы" әнін шырқап кешті қыздыра түсті. Ақынның қарапайымдылығына, ойының жүйріктігіне, сөзінің сапталуына, немересіне деген махаббатына қарап, абыз ата, шешен би, қарапайымдылығы бір төбе жан екендігін де байқадық. Кеш соңын "Атамекен" әнін орындап қорытындыладық.