Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасы жанындағы «Зерде» клубының жетекшісі Қ.Ү.Жақыпова кезекті дәрісті «Жайықтан шыққан жас тұлпар» тақырыбында ақын, Қадыр Мырзалиев атындағы мәдениет және өнер орталығының мәдени ұйымдастырушысы Талғат Мықидың шығармашылық өсу жолын студент жастарға өнеге етуге арнады.
18 жасында 2006 жылы Алматы қаласында өткен «Желтоқсанға 20 жыл» республикалық жыр мүшәйрасында Ербол Сыпатаев атындағы жүлдені иеленіп, 20 жасында «Жан дауыс» тұңғыш жинағы жарық көргені таныстырылды.
Дәріс барысында Талғат Жұмабекұлы студенттер сауалдарына жауап беріп, оқушы, студент Талғат қандай болғанын айтты. Болам деген баланың бетін қақпай, белін буған, ақындық жолда аналық қамқорлық көрсеткен Ақұштап Бақытыгерейқызы, ақыл-кеңесі мен батасын берген Қадыр Мырзалиев хақында ерекше ілтипат ықыласпен әңгімеледі.
Айтыстағы мықты қарсыласыңыз кім болды деген сұраққа, қарсыластың осалы болмайтынын, айтысқа шығар алдында Ә.Кекілбаев шығармаларын оқи отырып, қайталанбас тілдік оралымдарға көңіл бөлетінін жеткізді. Мектепте оқып жүргенде Қадыр сияқты қабырғалы ақын болуды армандап, 18 томын бірнеше қайталап оқығандығын және ақынмен бірге түскен суреті жоқтығына өкінішін білдірді.
Салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен де айналысатыны, 5 перзент тәрбиелеп отырған қамқор әке, аяулы жар екендігі, өзі қалаған жерде қызмет атқаратынын студенттер сұрақтарына жауап беру барысында айтты.
Өлеңдеріне әуен жазған сазгерлер мен орындаушы әншілерге тоқталды. Өнердегі үзеңгілес інісі Махамбет атындағы БҚУ флология фаультетінің 2- курс студенті, ақын, сазгер, әнші Ахметов Әділ «Күз», «Биленбеген вальс» әндерін домбыра мен гитарамен орындап, кеш көрігін қыздырды. Ақынның туған жер, өмір сыйлаған анасы мен мейірім шуағын төккен әжесіне, көңіл-күй мен сезім астасқан жыл мезгілдері, махаббат тақырыптарындағы жырларын «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының 4-курс студенттері оқыды.
Дәріс соңында «Әркімнің де өлеңге бар таласы»-деп Абай жырлағандай, бөлім студенттері Орынбасар Береке мен Қайырболатқызы Мейрамгүл арнау өлеңдерін оқыды.
Кафедраның Wix.com сайтында орындалған «Жағаңда өстім, Жайығым...» әдеби жобасындағы ақын Талғат Мықидың шығармашылығы бойынша жинақталған мәліметтер мен бейнебаяндарды студенттер Нұрқанова Алтын мен Қалекес Ақерке таныстырды.
Сәуір айының алғашқы күніндегі әдеби-сазды дәріс студенттерге жаңа бір серпіліс мен ұмтылыс бергендей.