Ғасырдан астам тарихы бар колледжді соңғы 30 жылда ғылым докторларының басқаруы ұжымның білім беру кеңістігінде уақыт талабына сай қызмет атқаруына орасан ықпал жасап отыр. Колледж директоры Светлана Меңдіғалиқызының бастамасымен тілдер кафедрасы «Тұлғатану» жобасын қолға алған болатын. Жоба аясында қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасы «Жайықтың жайсаң қыздары» тақырыбында студенттердің ғылыми–практикалық конференциясын ұйымдастырды.
Осы жобаның биылғы жылғы түйінін мерейлі 70 жасқа толған Айман Батырқызының ұлағатты ұстаздық жолына арнап «Ұстаздың сара жолы» атты кеш өткізді.
Мерейтой иесін колледж директоры Светлана Меңдіғалиқызы құттықтап, кеш тізгінін 2007 жылғы республикалық «Махамбет оқуларының» Бас жүлдегері, ТДК-42 каналында хабарларын Айман Батырқызының мақамымен термелеп те, пернелеп жүргізетін бірден-бір тележурналист, «Дарынның» дарабозы Хамза Жандосқа ұсынды.
Айапамыз қазақтың ұлттық ақыны Қасым Аманжоловтың үзеңгілес жолдасы ақын Батырдың ұрпағы, Ақжайық айтысының анасы Шолпан Батырқызының сіңлісі, колледждің ардагер ұстазы. Ол жай ұстаз емес сөзден сәуле іздеген, сол сәуленің нұрымен шәкірт пен әріптестерінің жан сарайын нұрландырған, шәкірт жүрегіне өшпес із қалдырған жан. Кезінде ақын Жұматай Жақыпбаев жас ақындарды жинап, жыр қағанатын құрса, Айман Батырқызы дарындыларды даралап жүріп анықтап, басын қосып, баптап, «Дарын» өнер отауын құрды. Сол студенттік шақтан алған алау әр жүректе маздап жанып тұр.
Кеш барысында Айман апай ұстаздық жолынан сыр шертті. Студенттік шақтан бастау алып еңбек жолында әріптестікке ұласқан курстас құрбысы Маржан Қабошқызы әдемі естеліктерімен бөлісті. Әріптестері Айгүл Бисенбайқызы, Майра Сағынғалиқызы ғылыми-ізденіс бағытындағы жұмыстары мен қазақ қызына тән қайтпас та өр мінезін, табандылығын ерекше атап өтті.
«Дарын» клубының мүшелері Бақтығали Ерік арнау жолдаса, Ләззат Дүйсебаева ән салып, Айдыналиева Эльвира, Мерғалиев Медет, Айтбаев Камаладдин ұстаздың шығармашылығынан өлең оқып, Бексариев Нұрберген, Болатұлы Бақберген «Дарын» клубында өткен сәттерін еске түсірді.Жетекшілік еткен тобынан студенттер Саматов Нұрлан, Қанатова Ақтоты, Сұңғатова Гүлдана екінші анасындай болып кеткен ұстазының тағылымға толы ұстаздық өмір жолын үлгі етіп келе жатқанын зор ықыласпен айтты.
Шараны музыкалық жағынан көркемдеуге музыка кафедрасы өз үлесін қосты.
Жоба жетекшісі Қырымжан Үмбетрзақызы қорытындылап, игі тілегін білдірді.