Ж.Досмұхамедов атындағы жоғары колледжде наурыз мерекесіне орай жоспарланған мерекелік шаралар шеруі аясында «Шеберлік күніне» арналған 17 наурыз күні «Технология және бейнелеу өнері» кафедрасының ұйымдастыруымен белгілі қол өнер шебері Айдынбек Бөрібайұлымен кездесу шарасы өтті. Шараға колледждің көркем еңбек және бастауыш білім беру мамандығының 1 курс курстың студенттері қатысты.
Айдынбек Бөрібайұлы 1985 жылы Орал педагогикалық институтының көркемсурет - графика факультетін аяқтап, ұстаздық жолында жүріп, қолөнердің сан түрімен айналысып келеді.
«Жігітке жеті өнер де аз» дегендей, қазіргі таңда тері өңдеу, бұйым жасау технологиясын игеріп, ұлттық нақыштағы ер-тұрман, ат-әбзелдерін жасап, ағаштан түрлі ұлттық бұйымдар, былғары сөмкелер тігумен айналысады. Осынау тамаша өнер түрімен айналысатын адамның бойында өнерді түсінетін қасиет, ұшқыр қиял, асқан шыдамдылық пен қажырлы еңбекті, табандылық пен талап керек екендігі белгілі. Осы қасиеттерді бойына дарытқан шебердің қолынан шыққан дүниелері аудандық, облыстық көрмелерге қатыстырылып, талай мақтау-мадақтауларға ие болған. Шара барысында былғарыға өрнектерді бастыра салу техникасында шеберлік сағатын жүргізді. Өнерпаздың шеберлік сағатына студенттер үлкен қызығушылық танытты.