Ж. Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжінде мүмкіндігі шектеулі болса да мүддесі биік жандардың басын қосқан «Кедергілермен күрескер» атты кездесу кеші өтті. Қонақтарды тарихы терең колледжіміздің алдында орналасқан Жаһанша Досмұхамедов ескерткішінің алдында жаратылыстану кафедрасының оқытушысы Алтынгүл Жақсығұлқызы колледж тарихын таныстырып, тарихи тұлғаға тағзым етті. Ары қарай кездесу «Рухани мұра» кабинетінде жалғасып, атқарылып жатқан шаралар таныстырылды. Алғы сөзді колледж директорының әлеуметтік ісі жөніндегі орынбасары Қ.Х.Мажитовтың қонақтарға деген лебізімен кездесу ерекшелігі жайында сөз алуымен басталды.
Колледж студенттері мен «Руханият» еріктілер ұйымының мүшелері қатысқан келелі шараның құрметті қонақтары өмірдің түрлі қиындықтарымен күресе білуді, моймауды түсіндіріп, ой бөлісті.
Кезесу кеші жаратылыстану және музыка кафедраларының елеулі атсалысуымен өтті. Мкзыка кафедрасының студенттері Жасұлан Алмат пен Губайдуллин Азамт "Еркесылқым" күйін орындады. Айтулы шараға Қостанай қаласы «Үміт-Надежда» Тірек- қозғалыс аппараттарының қызметі бұзылған мүгедек азаматтарды қолдау қоғамының төрағасы Оспанов Дүйсенғали, Орал қаласы «Арба» Тірек- қозғалыс аппараттарының қызметі бұзылған мүгедек азаматтарды қолдау қоғамының төрағасы Гүлмира Батпанкулова қатысты.
Кешті «Руханият» мобильдік тобының жетекшісі Таубаев Қайржан Бақытұлы жүргізді. Тағдырдың жазуымен тауқыметке тап болса да, небір кедергілерді еңсеріп, қоғамның сан түрлі салаларында ұлттық мүдде үшін қызмет етіп жүрген мерейлі жандардың өнегелі әңгімелері колледж студенттерін өмірді сүюге, мақсатқа талпынуға құлшындырды. Шара барысында кеш қонақтары жетекшілік еткен бағыты бойынша сөз сөйледі. Студенттер тарапынан қойылған сұрақтарға риясыз жауап беріп, түйткілді түйін жасады.
Кеш соңында колледж директоры С.М.Бахишованың атынан алғыс хат және кәде сыйлар табыс етілді.
«Тынымсыз еңбек- түбегейлі нәтиже» демекші, маңдай тер мен еселі еңбектің арқасында көпке үлгі болған өнегелі жандармен өткен кездесу студенттер қауымы үшін рухани өсу сабақтары бола алды.