3 наурыз күні қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының ұйымдастыруымен Жұбан Молдағалиевтің туғанына 100 жыл толуына орай жас ұрпақтың ақын мұрасын зерделеп, құрмет тұтатын дара туған талант иесі Жұбан ақынның көзін көрген ел аға-апаларының естеліктерінен ұлағат алу мақсатында «Жағаңда жанмын жаралған...» атты әдеби кездесу кеші өтті.
Шараға ақынның көзін көрген ардагер журналист Т.Әліпқалиев, саналы ғұмырын халықтың асыл мұрасын жинап, насихаттау ісіне арнаған, ұзақ жылдар БҚО тарихи-өлкетану музейінің директоры болған, өлкетанушы С.Е.Танабаева, жұбантанушы Ү.Е.Елеубаева, «Жұбан оқуларының» алғашқы жүлдегері, «Ақжайық» арнасының тележүргізушісі Б.А.Кухаев, «Ай Қанат» қоғамдық қозғалысының координаторы Г.Ж.Әлжанова, Ж.Молдағалиев атындағы ғылыми кітапханасының қызметкері А.Р.Нуфтуллина қатысты. Кеш барысында эпик ақын Жұбан Молдағалиевтің әлемге қазақтың қазақтығын осыдан 56 жыл бұрын паш еткен, шоқтығы биік туынды - «Мен қазақпын» поэмасы мен туған жер, ана, әйел тақырыбындағы арналған өлеңдері оқылып, «Еділ мен Жайық», «Ана туралы жыр», «Қазақстан» әндері орындалды.
Шараға қатысушы студенттер Тихон ағаның әңгімесінен ақынның өмір сүрген дәуірі мен шығармашылығы, кісілік тұлғасы жөнінде мол мәлімет алса, Сара апа Софья анамыздың қазақ әйеліне тән болмысын танытты. Ал жұбантанушы ұстаз Үзілдік Елеубайқызының ақын туралы толғанысы Жұбан туған Жыландыдан басталып, елде атқарылып жатырған игі істер туралы деректермен жалғасты. Әсіресе, ақынның 70 жылдық мерейтойы қарсаңында жерлестерінің өз қаржысына тұрғызған (бүгінде құны 80 миллион теңге тұратын) ескерткіші, мәдениет сарайының жанына орнатылған Тәу тұғыр жөніндегі мәліметтер студенттер үшін тың дерек болды. Сондай-ақ, Біржан Амангелдіұлы Қадыр Мырза Әлі мен Ақұштап Бақтыгерееваның ақынға арнаған арнаулары арқылы мәнерлеп оқудың үлгісін көрсетті. Гүлнар Жәрдемқызы отбасылық естеліктермен бөлісіп, бүгінгі кештің ұрпақтар сабақтастығының нағыз үлгісі екендігін атап өтті. Аягүл Рухоллақызы Жұбан ақынның студент шағында осы кітапханаға жиі келіп, алғашқы өлеңін де осы кітапханада отырып жазғандығы туралы әңгімелеп, үстіміздегі жылы халықаралық дәрежеде «Жұбан оқулары» өтетіндігін хабардар етті.
Ақынның шығармашылығына алтын арқау болған туған жері, анасы, жары туралы толғаулары парасатқа толы болмысымен үйлесіп халық есінен өшпес жырлар туғызды.
Жұбан мұрасы келешекте де жұртшылық кәдесіне аса беретін, ұлтпен бірге жасайтын аса құнды мұра болмақ.