21 қараша күні колледждің практика бөлімі мен педагогика және психология кафедрасының ұйымдастыруымен «Тәжірибелі әдіскерлер мектебі» жұмысы аясында «Педагог шеберлігі – озық идея» атты шеберлік сағаты болып өтті. Іс-шараның басты мақсаты – бастауыш сынып мұғалімдерінің кәсіби құзыреттілігін арттыру және заманауи оқыту әдіс-тәсілдерін тәжірибеде қолдану арқылы білім беру сапасын жетілдіру.
Бүгінгі таңда білім беру жүйесінің алдында тұрған басты мақсат – оқушылардың білімге деген қызығушылығын арттыру, сабақтың сапасын жақсарту. Бұл мақсатқа жету үшін педагогикалық шеберлікті жетілдіру – негізгі талаптардың бірі. Сондықтан М.С. Мұқашев өз сөзінде педагогика, психология кафедрасы ұйымдастырған «Педагог шеберлігі – озық идея» шеберлік сағаты тәжірибелі ұстаздар мен жас мамандардың өзара тәжірибе алмасып, білім беру әдістерін жетілдіруге мүмкіндік жасайтынын айтты.
Іс-шара барысында педагогикалық практика бойынша әлеуметтік серіктес мектептерден келген ұстаздар өздерінің тәжірибелерімен бөлісті:
- Қалиева Айгерім Қабидоллақызы және Ескалиева Ақбота Сабыржанқызы (№33 ЖОББМ) «Сабақта табысқа жетуге жағдай туғызу тәсілдері» тақырыбын қамтыды.
- Ғабдушева Бибігүл Төлегенқызы және Отарғалиева Алиса Тарасқызы (50 ЖОББМ) «Жаңа сабақ және бағалау» тақырыбында шеберлік сыныбын өткізді.
- Баянова Гүлжанат Оразбайқызы (№4 қосымша білім беру мектеп-орталығы) «Кері байланыс әдістемелері» бойынша өз тәжірибесімен бөлісті.
Шеберлік сағаты жас мамандар мен студенттердің сабақтың әр бөлімінде оқушылардың қызығушылығын арттыратын әдіс-тәсілдерді қолдану жайындағы білімін жетілдіруге ықпал етті. Студенттер жаңа білім алып, оны практикада қолдану жолдарын үйренді. Іс-шара соңында қатысушылар өз пікірлерін білдіріп, кері байланыс жасалды. Қатысушыларға алғыс хаттар табысталды.
Ұйымдастырушылардың пікірінше, бұл шеберлік сағаты алдағы жұмыстарға тың серпін беріп, бастауыш білім беру сапасын жақсартуға септігін тигізеді. Педагогикалық шеберлік – оқытушының басты құндылығы. Оны жетілдіру жолында осындай шаралардың орны ерекше.