Жаhaнша колледжіне 110 жыл Адам өз өмірінде екі нәрседен қателеспегені абзал, оның бірі — мамандық таңдау екені айтылған шығыс даналығында. 90-жылдардың тауқыметін түгел көріп, әскери ЖОО құжат тапсырған мен конкурстан өтпей, ЖОО құжат қабылдау аяқталуына байланысты үздік аттестатпен келіп Орал педагогикалық колледжіне емтихан тапсырып, «Бастауыш сыныптарды оқыту» мамандығы бойынша оқуға түстім.
Ұстаздардың ұстаханасы — колледжімде 1999-2002 жылдарда менің оқытушыларымның біздің бойымыздағы мамандыққа деген сүйіспеншілік пен құзыреттілікті дамытқаны соншалықты, үш жыл педагогикалық практикадан өткен Орал қаласының №17 мектебі мені жұмысқа қабылдады. Колледж қабырғасында біз ғалым, академик Ш.Х. Құрманалинаның жетекшілігімен ғылыми зерттеулерге қатысып, жаңа буын оқулықтарының апробациясына атсалыстық. Әр сәті ерекше шеберлікпен, тәжірибемен жолға қойылған колледждің оқу-тәрбие үдерісі бізді тек теория мен практикамен сусындатып қана қоймай, орасан зор әдістемелік тәжірибе, өмірлік құндылықтар мен еңбекқорлықпен қаруландырды. Өмірлік рухани және кәсіби азықты осы колледж қабырғасынан алып, әлі осы қарқынмен келе жатырмыз. 2004-2018 жылдарда колледждегі Ұстаздарымның жанында қызмет етіп, әрі қарай осы керемет ұжымның тәлімін алдым. Аталмыш жылдарда кәсіби қанатымды қатайтып, барша жетістіктерге жетуіме бүгінге дейін ықпал етіп жүрген Алтын Ұя колледжімнің ұстаздарына, әріптестеріме үлкен алғысымды білдіремін! Менің адам ретінде, маман ретінде жаһанда өз орнымды тауып, кірпіш боп қаланғаным, «Үздік педагог-2013» республикалық байқау жүлдегері болғаным, биыл Қазақстан Республикасының Білім саласының құрметті қызметкері атанганым, білім берудегі өзгерістің 1000 көшбасшысы ауқымды жобасы аясындағы курсты оқып, іріктеулерден сүрінбей өтіп, Басшылардың республикалық кадрлық резервіне енуім, жалпы Адам болуыма осы колледжімнің ықпалы орасан зор деп білемін. Тарихы ғасырдан он жыл асқан ұстаздар ұстаханасы мен оның ұжымына зор табыстар мен қажымас қайрат тілеймін! Әр жетістігімдегі ғаламат үлестерін мойындай отырып, бас иіп, алғыс білдіремін!
Ералиева Айгерим Ортабековна — педагогика және психология магистрі, «Үздік педагог-2013» атагының иегері, ҚР Білім саласының құрметті қызметкері, ҚР ББҰ басшыларының республикалық кадрлық резерві мүшесі, Орал қаласының №49 ЖОББМ физика және информатика пәндерінің мұғалімі, педагог-зерттеуші