Ж. Досмұхамедұлы атындағы жоғары педагогикалық колледж жанынан құрылған «Жаһанша жолымен» тарихи-танымдық экспедициясының биылғы жұмысы 15-16 қазан күндері Қазталов және Жәнібек аудандарында жалғасты.
Экспедиция мүшелері аймағымыздан шыққан шайыр, Алаш ғұламасы - Ғұмар Қараштың ғұмырына қатысы бар елді-мекендерге сапар шекті. Ғұмардай ғұламаның ғұмырынан мағұлмат, мұраларынан ғибрат алуды мақсат тұтқан экспедициялық топтың алдымен ат шалдырған жері Жалпақтал ауылдық мешіті. Себебі қазіргі мешіт ғимаратында бір кездері Ғұмар Қараш мұддарис болып, діни ұстазы Ғұбайдолла Ғалікеевтен дәріс алған. Медресе ғимараты болған қасиетті нысан қазір де сыры кеткенмен сыны кетпей, сырын бүккен күйінде сол қалпы сақталып, құлшылық орны қызметін атқарып тұр. Жалпақтал мешітінің бас имамы Тілек қажы Нұрәлиев ғасыр асқан ғибадат үйі ғимаратының тарихына тереңірек тоқталып, көптеген талабалардың осы жерден оқып, жетілгендерін баяндады. Тарихы бай, талай тарихи тұлғаларды тудырған Жалпақтал ауылын аралаған жолаушылар одан әрі Қараобаға қарай қозғалды. Аталған ауылдағы ақын атындағы мектеп алдынан мінген «газелімізді» гимназия директоры Руслан Бекқалиұлы бастаған ұжым күтіп алды. Экспедиция мүшелеріне мектеп мұражайы жан-жақты таныстырылып, ауыл тарихынан бастап, майдан және еңбек ардагерлері мен ауылда туған танымал тұлғалар туралы толық ақпарат алды. Күй анасы – Дина Нұрпейісованың туған қызы Қоңыр Шәпекқызы жерленген жерге келіп тұрған соң, әжеміздің аруағына арнап, колледждің жас күйшісі Елнұр Ермеков Динаның «Әсем-Қоңыр» күйін орындады. Қараоба ауылынан Борсыға бет алған экспедиция автобусы жолшыбай Ғұмар Қараш 1902-1910 жылдар аралығында мектеп ашып, бала оқытқан Тіленшісайға (қазіргі Еңбек ауылы) тоқтап, Ғұмар мектебінің орнын таба алмағанымен топырағына тәу етті. Борсы – ақынның шыр етіп өмірге келіп, шейіт болып өмірден өткен ата қонысы. Туған ауылы ақынын ардақтап, білім ошағына есімін беріп, есігінің алдына ескерткіш-мүсінін орнатқан. Білім ордасының басшысы Светлана Ғимранқызы мен мектеп ұжымы экспедиция мүшелерін құшақ жая қарсы алып, Ғұмар Қарашқа арналған бұрышпен таныстырып, оқушылар “Көреміз бе?” , “ Алашқа” , “Ноғайлы” т.б өлеңдерін жатқа оқыды. Экспедиция сапарының ең соңғы межесі – Ғұмардай ғұламаның ғазиз мүрдесі жерленген кесенесі еді. Кештетіп болса да кесенеге де жеттік. Әрқайсымыз әрі-сәрі күй кештік. Әсерімізді әңгімелеу мүмкін емес. Рухына арнап алдымен құран бағышталып, артынша Алашты азаттыққа, қазақты бірлікке, оқу-білімге шақырған отты жырлары оқылды. “Жаһанша жолымен” экспедициясы осылайша “Ғұмар Қараш- Алаш ғұламасы” тақырыбындағы тарихи-танымдық сапарларын сәтті аяқтап, айықпас әсермен оралды. Алашорданың мүфти молдасы, философ пәлсапашы, ойшыл ақынның кіндік қаны тамған қасиетті де киелі топыраққа табандары тиіп, ақын рухы алдында бас иген жастарға осы экспедиция Ғұмардай ғұламаның ғұмырынан ғибрат, өлеңдерінен өнеге, толғауларынан тағылым алып, келешекте көмескі тұстарын зерттеп, зерделеуге өз септігін тигізеріне сенеміз.