Ж.Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжінде 31 мамыр - Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алып, рухына тағзым етуге арналған «Ұмытылмас тағдырлар» тақырыбында митинг өтті.
31 мамыр - Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні
Шараға колледж ұжымы, студенттермен қатар шақырулы қонақтар аймағымыздың абыз ақсақалы, өлкетанушы-ғалым, жазушы Ақбай Жайсаң Досболатұлы, ұзақ жылдар колледжімізде басшылық жасаған ардагер ұстаз, ғалым, п.ғ.д., профессор, академик, БҚО Аналар кеңесінің төрайымы Құрманалина Шалқыма Хайроллақызы, колледжіміздің ардагер ұстазы Сүлейменов Мақсот Нәсекенұлы қатысты.
Митинг ел тәуелсіздігі, Алаш ұраны жолында опат болған бабаларымыздың өрен ерлігі мен ерен еңбегін еске алып, олардың рухтарына бас иіп, бір минут үнсіздікпен басталды. Құрметті қонақтар Жайсаң Досболатұлы мен Шалқыма Хайроллақызы өз сөздерінде Алаш арыстарын ардақтау бойынша атқарылған шаралар туралы айта келіп, колледж ғимаратында ізі қалған Алаш арыстарының есімін ардақтау, колледж қабырғасындағы ескерткіш тақтада 12 арыстың есімі жазылған, архив деректері бойынша 18 алаш қайраткері оқыған, бірақ 6 адамның есімі әлі анықталмағандығын айта келіп, оны анықтау, зерттеу ісін жастарға аманаттады. Ардагер-ұстаз Мақсот Насекенұлының колледж фойесіне қойылған Жаһанша Досмұхамедұлы бьюстісінің авторы ретінде Алаш қайраткерлеріне деген құрметі ерекше.
Колледж директоры Алтынгүл Жақсығұлқызы саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнінің мән-маңызына тоқталып, келген қонақтарға алғысын білдірді.
Колледждегі «Жас саясаткер» клубы мүшелері (жет. С.К.Бейсенова) саяси қуғын-сүргіннің маңызы, тарихи оқиғалар туралы деректерден, өлең-жырлардан монтаж, «Алаш» этно-фольклорлық ансамблі «Ер Тұран» композициясын (жет. Қ.А.Есқайыров ), «QJ» тобы «Алаш ұраны» Б.Тілеухан әнін орындады.
Жиын соңында қонақтар Жаһанша ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, арыстың аруағына тағзым етті.