Бүгін керемет бір ұлттық құндылығымыз- елдігімізді жақын шетел тұрмақ, әлемге дәлелдеген "Қазақ мемлекеттілігінің тарихы-көне карталарда" деп аталатын Л.Гумелев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры М.Қ.Сыдықназаровтың Атамекен өнер ордасындағы 3 сағаттық лекциясы, көрмесі қатысқан жұрттың бәріне тереңнен ой салған сияқты болды.
Терең ізденіс, ғылыми зерттеулерге толы ,толық тарихи дәлелдемелермен дәйектелген Қазақ мемлекеттілігінің Еуропалық, Америкалық карта түпнұсқаларымен студент жастар, колледж, университет оқытушылары, мемлекеттік қызметкерлер және қоғам қайраткерлері, ғалымдар таныстырылды. 1000 ға жуық аудитория тапжылмастан, асқан қызығушылықпен тыңдап, жаста болса бас болуға әбден ылайық полиглот ғалымның асқан терең мағыналы тілмен түсіндірген тағылымына тәнті болды. Тарихи, әдеби, құжатнамалық шығармалар бір бөлек, ал картографиялық ежелгі тарихи деректер өз алдына бір бөлек, түсінуге жеңіл, жадыға жатталып қалатындай әсерлі, қанық бояулы жәдігер.
Тәуелсіздігімізді өзгелерге мойындату, еліңнің өткен тарихын өзгелер алдында нақты дәйектемелермен дәлелдеуде 30 жыл бойы қиналып келе жатырған заманда, бұл ғалымның осыншама ерен еңбегінің өзін ұлттық құндылық ретінде қабылдауға болады. Шекара сыртындағы өзгелер емес әлі күнге дейін өзінің ұлттық болмысымен тарихын мойындай алмай жүрген, мойындауға ұлттық рухы жетпейтіндер өз арамызда да бар екенін ескерсек Мұхит-Ардагер ініміздің Еуропаның бірнеше елімен, АҚШ сияқты әлеуеті зор елдерге барып, ізденіп, солардың тілінде ғылыми жиындарда өз тарихи зерттеулерін бірнеше томдық жинаққа енгізуі, ел президенті Қ.Тоқаевтың ғалым еңбегіне аса назар аударуы сөз жоқ оның ұлттық болмысының қандай дәрежеде екенін көрсетсе керек. Облысымызға қатысты қаншама әлі күнге дейін беймәлім болып келген тарихи атаулар, есімдердің ашылулары болды бүгін.
Бір сөзбен айтқанда біздің Ж.Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледж оқытушы және студенттер ұжымына рухани құндылықтар тұрғысында аса бай құнды бас қосу болды. Ғалымның хаты өлмейді қағидасына сүйенсек, бұл баға жетпес тарихи еңбек. Ұжым болып ризашылығымызды білдіреміз.
Жаратылыстану және қоғамдық пәндер кафедрасының оқытушысы Сапиев Біржан Кәрімұлы