Ж.Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжінде басталған этноапталықтың жалғасы ретінде Студенттер үйінде «Соғымнан -сыбаға» шарасы өтті. Соғым сою дәстүрі - қазақтың ажырамас бір бөлігі, әр жыл сайын жасалынатын дәстүрлі салт. Шараның мақсаты- соғым кезінде қандай салт, жөн-жоралғы жасалатынын жатақхана тұрғындарына таныстыру болды.
Соғым союдың пайдасы мол, тәрбиелі мәні терең. Соғым сою ағайын-туыстың қарым-қатынасын нығайтады, абысын-ажындардың ауызбіршілігін арттырады, құда-жекжаттың сыйластығын жақсартады. Шара барысында әр қабат тұрғындары: «Соғым басы - қуырдақ», «Сыбаға», «Дәм тату», «Асату», «Ауыз тию», «Бастаңғы», «Сарқыт» секілді дәстүрлерден көрініс көрсетіп, тағамдарды дайындау жолдарын түсіндіріп өтті.
Әр қабат тұрғындары бірлесе отырып бірі ет асса, енді бірі қуырдақ қуырып өздеріне арнап дастарқан жайды. Іс-әрекеттерінің барлығын осы «Соғымнан сыбаға» атты тәрбиелік шарамыздан көруге болады. Етті дайындау, пісіру, дәмін қарау, дастарқан жаю, қонақ қарсы алуда қабат тұрғындары ұйымшылдықтарын көрсетіп, жұмыла еңбектену арқылы ауызбіршілік нығайды. Бұл күн барлық тұрғындар үшін ерекше болды. Жайылған дастарқандары кешке дейін жиналмай, бір-біріне деген ыстық ықыластарын көрсетті.
«Дәстүрдің озығы бар, дәурені өткен тозығы бар» демекші халықтың атадан балаға көшіп, жалғасып және дамып отыратын тарихи-әлеуметтік, мәдени-тұрмыстық, салт-сана, әдет-ғұрып, мінез-құлық, тәлім-тәрбие және рухани іс-әрекетінің көрінісі дәстүр арқылы танылады.