18 қаңтар күні Ж.Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжінде ардагер ұстаз Гүлбара Ғайноллақызы Жұмалиеваның 70 жас мерейтойына арналған «Үлкендер жолы – ұлылық, ұрпағы жүрер ұғынып» атты кездесу кеші өтті. Колледждің 2- қабатында құрметті қонақтарды Құрманғазының «Балбырауын» күйімен студенттер мен оқытушылар қарсы алып, директордың оқу-өндірістік жұмыс жөніндегі орынбасары М.С.Мукашев мерейтой иесін құттықтап, жылы лебізін білдірді.
Шара әрі қарай колледждің акт залында жалғасын тапты. Мерейтойға колледж ардагерлері Ш.С. Набидоллина, Б.К.Набидоллин, Р.А.Сүлейменова, Б.Қ Мукажанова, С.А.Өтешқалиев, Қ.Б.Ишанбергенова, ҚР еңбек сіңірген қайраткері М. Амирханов, колледж түлектері Т.Исмагулова және Қ.Мамиева, ҚР Мәдениет саласының үздігі М.Р.Мерғалиев, ҚР мәдениет саласының үздігі, колледж түлегі Қ.Айтбаев арнайы қонақ ретінде шақырылды. Шара әңгіме-сұхбат форматында өткізіліп, Гүлбара Ғайноллақызының туған жері, ата-ана, өскен ортасы туралы естеліктер айтылды. Сол кездегі колледж директоры болған педагогика ғылымдарының докторы, профессор Шалқыма Хайроллақызы Құрманалинаның мерейтой иесіне жолдаған бейнеқұттықтауында Гүлбара Гайноллақызының колледж абыройы үшін бел шешпей қызмет еткен кездердегі қажыр қайраты, кісілік келбеті туралы әсерлі әңгімеледі. Кейіпкердің студенттік жастық шағы туралы бірге оқыған группаласы, әрі әріптесі С.А.Өтешқалиев, колледжде атқарған абыройлы істері туралы бірге қызмет еткен әріптесі Шолпан Сағатқызы әңгімеледі. Сондай-ақ Гүлбара Ғайноллақызымен қоғамдық қызметте тығыз байланыста жұмыс жасаған «Аманат» партиясының өкілдері Ажар Алтынбайқызы, Афиза Болатқызы сөз сөйлеп, «2023 жыл қорытындысы бойынша «Үздік бөлімше» марапатын жеңіп алған колледждегі «Жастар рухы» жастар қанатының жеңісінде Сіздің де үлесіңіз бар» деген игі тілектерін білдірді.
Кеш иесі түлектерінің де бейнеқұттықтаулары көрсетіліп, ақжарма тілектері тыңдалды. Кеш қонағы ҚР еңбек сіңірген қайраткері М. Амирханов, колледждің «QJ» квартеті, колледж хоры (жет.А.К.Утебаева), оқытушы Айбек Тұрарбековтер кешті әуенмен әрлеп, 1977жылдан Орал педагогикалық училищесінде музыкалық аспапта жеке сабағының оқытушысы, концертмейстер болып еңбек жолын бастап, музыка кафедрасының меңгерушісі, директордың тәрбие ісі, директордың әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары қызметтерін жауапкершілікпен атқарған Г.Ғайноллақызына ардагер ұстаздар негізін салып кеткен сара жолдың арқасында колледждегі музыка кафедрасы әлі де сол биігінен түспегендігін танытты.
Гүлбара Ғайноллақызы– отбасының ұйытқысы, сондай-ақ ел мақтанышы, әлемдік деңгейдегі спорт жұлдызы Рауандай ұлды тәрбиелеп өсірген асыл ана. Ұлы Исалиев Рауан Орынбасарұлының бейнеқұттықтауы көрсетілді.
Колледж директоры Алтынгүл Жақсығұлқызы Гүлбара Ғайноллақызын мерейтойымен құттықтап, колледжге сіңірген өлшеусіз еңбегін, абыроймен атқарған қызметтеріне асқан ризашылығын білдіріп, ұжым атынан қазақы шапан жауып, сый-құрмет көрсетті.
Кеш соңында мерейтой иесі Гүлбара Ғайноллақызы колледж ұжымына алғысын айтты.