Жаһанша Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжінде тәлім-тәрбиелік мәні зор кездесу кештері жиі ұйымдастырылып тұрады.Солардың бірі кеше Ұлағатты ұстаз, Ж. Досмұхамедов атындағы «Қайраткер» қоғамдық қорының президенті, тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, алаштанушы, Сырым ауданының құрметті азаматы Дәметкен Досмұханқызы Сүлейменовамен «Еңбекпен шыққан төр биік» атты кездесу кеші өтті.
Шараға студенттер мен оқытушылар қатысты. Алаш арысы Жаһанша Досмұхамедовтың есімін алып жүрген колледж оқытушылары мен студенттері үшін алаш тарихы, соның ішінде Жаһаншаның қилы тағдырын зерттеуге арналған Дәметкен Досмұханқызының ғылыми ізденістері ерекше маңызды.
Жылы шырайлы кеште Ұстаз ғалым осы бағыттағы еңбектері мен бүгінгі күнгі ғылыми табыстарына тоқталып ,Жаһаншадай халқы үшін жанын қиып, елі үшін еңіреп өткен ерлердің ерлігін дәріптеудің – бүгінгі күні біз үшін үлкен парыз екенін айтып өтті. Сондай ақ, ғылыми ізденіс жолына түскенге дейін, қарапайым ұстаздық жолда еңбек етіп, еңбек жолын ауыл мектебінде мұғалімдік қызметтен бастап, тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор атағына дейін жүріп өткен ұстаздық жолдары туралы кеңінен әңгімелеп берді.Отбасында тарихшы жары Сайлау Сүлейменов екеуінің қол ұстасып, өмірлік және ұстаздық жолдарда бірге келе жатқандығын да үлкен әсермен жиналғандарға айтып берді. Ұзақ жылдар өзі дәріс берген киелі қабырғада ұстаздардың ұстазы Дәметкен Досмұханқызының іздері сайрап жатырғаны даусыз.Сондай ұрпақ сабақтастығының бірегейі колледждің ұстаздары мен студенттерінің зерттеу жұмыстарының басты бағыттарының бірі 2018 жылдан бастау алып, дәстүрлі болған «Жаһанша жолымен» тарихи-танымдық экспедициясы. Бес жылға жуық уақытта бұл экспедицияның атқарған жұмыстары ұшан теңіз десе де болады.Осы саланың тұрақты мүшесі 3 курс студенті Қыдыр Гүлназ жиналғандарға танымдық шараның білім алып жатқан жастар үшін өте маңызды екенін жеткізді.
Кеш соңында колледж директоры Алтынгүл Қайырлиева ардагер ұстаз Дәметкен Сүлейменоваға жақсы тілектерін арнап, ұстаздар жүріп өткен жол мен олардың ұлағатының кейінгі жас буынды тәрбиелеуде ерекше маңызды екендігіне тоқталды. Сондай ақ, әсіресе болашақ педагогтарды тәрбиелеп жатқан оқу орындары үшін мұндай шараларды өткізудің де аса маңызды екенін тілге тиек қылды. Шақыруды қабыл алып, кездесуге келіп, ұлағатты ұстаздық өмір жолдарынан әсерлі әңгімелерін ортаға салғаны үшін үлкен алғысын жеткізді.
Барша жиналғандардың көңілдеріне қуаныш сыйлап, әдемі әсерге бөлеген тағылымды шарада 1 курс студенттері Мақсот Аяжан мен Қайыржанова Ақнұр «Мың алғыс саған ұстазым»әнін орындаса, Ақылбекова Наргиза «Жаһаншаға арнау» өлеңін оқып берді.