А.Б.Сарсенгалиева-мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту кафедрасының меңгерушісі. Ж.Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжі. Орал қ.
Ж.Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжінде «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» алғашқы ашылған мамандық ретінде ерекше орын бар мамандық. Оқу орнының 110 жылдық мерейтойы қарсаңында кафедра оқытушылары «Заманауи мектепке дейінгі білім беруді дамытудың өзекті тенденциялары» тақырыбында ұрпақтар сабақтастығының дәстүрлі кездесу кешін өткізді. Бұл шараның мақсаты-білім алушылардың колледж тарихы туралы білімдерін кеңейту, колледжде еңбек еткен ардагер ұстаздар мен нәтижелі ісімен танылып жүрген колледж түлектерін дәріптеу, болашақ мамандығына қызығушылығын ояту, ұрпақ атынан алғыс білдіру.
Шара колледждің аға буыны, директор болып қызмет атқарған Лидия Ивановна Белоконьның бейне құттықтауынан басталды. «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту» мамандығына еңбегі сіңген педагогтар Бақыт Камешқызы Мұқажанова, Тамара Өтегенқызы Маденова қадірлі қонақ болып қатысты. Орта буынғы қонақтар қатарында колледж түлектері, қазіргі кезде қаламыздың және облыстың мектепке дейінгі мекемелерінің меңгерушілері мен әдіскерлері де болды. Олар №47 «Бәйтерек» М.д.Ұ меңгерушісі Т. К. Мұқатова, №48 «Мұрагер» М.д.Ұ меңгерушісі Э.А.Ерешова, №7 «Айналайын» М.д.Ұ меңгерушісі А. С. Кенжегарина, Жәнібек ауданның Жәнібек аулының «Алтынұя» М.д.Ұ аға әдіскері А. С. Саматов.
Қонақтар колледждің материалдық-техникалық базасымен танысты, өздері білім алған аудиторияларға кіріп, студенттік шақтарды еске түсірді. Қазіргі заманға сай студенттердің жаңа білім беру орталықтарымен танысты. Қонақтарды мектепке дейінгі робототехниканың мазмұнын ашатын LeqoStem, "Сөйлеуді дамыту орталығы", "Таным орталығы", "Шығармашылық орталығы" кабинеттері қызықтырды.
Директордың оқу-әдістемелік жұмысы жөніндегі орынбасары Г.С.Нұрашева қонақтарға колледж әкімшілігі атынан алғыс білдіріп, шараның мәні мен мазмұнын ашты. Колледждің 110 жылдық тарихындағы мамандықтың орны мен рөлін ерекше бағалады. Бұрынғы колледж түлектерінің бүгінде серіктес ретінде заманға сай мамандар дайындауда колледжбен тығыз байланыстағы жұмыстарының нәтижесінде кадрларды сапалы дайындаудағы зор үлестеріне ризашылық білдірді.
Шараға ғылыми қызметпен айналысып жүрген колледж түлектері БҚАТУ-дың аға оқытушысы, доцент Г.К. Джонисова, БҚМУ-нің аға оқытушысы, педагогика ғылымдарының кандидаты А.Г.Муханбетчина өз ілтипаттарын білдіріп, бейнеролик түрінде мектепке дейінгі білім беруді дамытудың өзекті тенденциялары туралы пікірлері мен құттықтау тілектерін жолдады.
Қатысушылар арасында эмоционалды көңіл-күй мен жағымды орта құру мақсатында тренинг-ойындар өткізілді. Мазмұнын ашу үшін колледж тарихы, басшылар мен оқытушылардың жетістіктері туралы бейнефильм көрсетілді. Болашақ ұрпақ атынан «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» мамандығының студенттері тәрбиеші мамандығы туралы өз шығармашылығынан өлеңдерін оқып, әндерін айтты, әдемі би биледі.
Келген қонақтар білім алушылардың сұрақтарына жауап беріп, колледжде оқыған сәттерін еске алып, қызықты сәттерімен бөлісті. Білім алушыларға өздерінің оқу орны мен таңдаған кәсібімен мақтануға тілек білдірді. Шара барысында студенттер қонақтардың портреттерін бейнелеп, сыйға тартты.