"Ұстаз болу - жүректің батырлығы" десек, "Ұстаздардың ұстазы болу - батырлықтың ең жоғары сатысы" шығар, бәлкім... Біз балаларды оқытамыз, тәрбиелейміз деген үмітпен ілім алсақ, колледж ұстаздары бізге болашақта бала тәрбиелейтін маман деген сеніммен қарайды. Мен Ж. Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжінің 4 курс студентімін. 2018 жылы колледж табалдырығын аттап, "Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі" мамандығына оқуға түстім. Өкінбеймін. Бүгінде Жаһанша ордасының түлегі атанғалы отырмын. Әлі есімде, алғаш Орал қаласына келіп, колледж ішіне енген сәтте Жаһаншаның "Еңбек қылмай білім жоқ" деген сөзі еріксіз көзге түскен. Жастардың "мотивация" атты ұғымын жүз жыл бұрын-ақ жазып кеткен екен ғой дедім ішімнен. Міне, ең үлкен мотивация.
Тіл - ұлттың асыл қазынасы және оның ажырағысыз белгісі. Мен бірінші қыркүйектен бастап, әрбір группаласымның көзінде "Тіл жанашырына айналамын" деген үміт оты тұтанғанын байқадым. Оған себеп, біріншіден, колледжіміздің сан жылдық тарихында табан тіреген тұлғалардың рухы болса, екіншіден, қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасы оқытушыларының қазақ тіліне деген адалдығы. Жасырмаймын, "Қазақ тілі мен әдебиетте оқимын" десем, жұрттың көзі шарасынан шығып кете жаздайды. Бұл - олардың мамандыққа деген таңданысы емес, оқытушылардың зілді сөздерінен кейінгі қорқынышы. Жамбыл айтқан "Зілді бұйрыққа" еліктеп, "Зілді сөз" дегенді құрастырып алғандай болдым ба? Ендеше, мәнін ашайын.
Біздің кафедра - ең үздік оқытушылар мен сапалы студенттердің тоғысқан ортасы. Студенттің жігерін құм етпей, ісіміздің ілгері оңай жылжуына мол күш салып, оқуға келгенде шабытымызды зорайтқан ұстаздарға алғысым шексіз! Осы тұста үш жыл бойы алыстағы анамыздың мейірі мен әкеміздің қолдауын еске салып, ата-ана рөлінде де, ұстаз рөлінде де жанымызды түсіне білген кураторымыз Темрешева Алтынай Жауарбекқызын ерекше атап өткім келеді. Ол кісі әр таңымыздың қайырлысын, әр күніміздің сәттілігін тілеумен келеді. Өмірден түйгендерімен бөлісіп, қиялымызды аспандатып, оқыған адамның қандай күн кешетінін сипаттап бергенде, ұйып тыңдап қалатын да әдетіміз бар. Алтынай Жауарбекқызы бізді жүйелі тәртіпке үйретті. Оқу мақсатының төрт кезеңіне баулып, "тыңдалым" сәтінде оқушыларды бір сәтте қалай тыныштандыруға болатынын көрсетіп, өмірлік азық берді. Ұстаздық жолдың ауыртпалышығын студент кезден түсіндірді. Мойнымызға жауапкершілікті арта салғанда, басында қипалақтап, тырысып қалатын біздер, соңында мұның өзі бір әдіс екенін түсіндік. Мүмкін, педагог шеберлігін осындайда көрсету керек шығар... Бірде сынап, бірде қорғап кетер ұстазымыз әр емтихан сайын біз үшін уайымдап, біз үшін дұға жасайды. Оның "Жауһарларым, сендерге сенемін" деген сөзінің өзі бойға қанат бітіріп, құстай самғатып қояды емес пе?.. Міне, осындай жанды қалайша ата-анамыздай деп суреттемеске?!
Мойындау керек, өмірде "Саны бар, сапасы жоқ" деген сөзді көп естиміз. Неге екенін білесіз бе? Негізінде, мұны халқымыз жігерлендіру мақсатында айтады. Ал адамдар керісінше қабылдайды. Мысалы, біздер. Мектеп кезінде сан мәрте естісек те, керемет шыңға шыққан түгіміз жоқ. Мүмкін, сөзді дұрыс қабылдай алмайтын ойдың таяздығынан болар. Ал қазір ше? Колледж қабырғасына келгелі мұндай сөзді естіп көрмеппін. Есесіне, іс-әрекетті байқадым. Сөзімнің басында айтқандай, "Сапалы студент" даярлау үшін барын салған кафедра оқытушыларын байқадым. Өз білгенін артығымен үйретуге асыққан жанашыр ұстаздарды байқадым. Міне, осы байқағыштықтың нәтижесінде біз "Сапалы студентке" айналдық. Осындай әрекетпен оқытушылар сөздің айтылатын, кейде айтылмай, іспен көрсетілетін сәттерін түсіндіргісі келгендей. Бір қарағанда, жай ғана "Қолтырауын" ойыны дерсіз, бір қарағанда, үлкен зерттеу жұмысы...