2021 жылы 18 қараша күні Ж.Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжінде практика бөлімінің ұйымдастыруымен «Мектепке дейінгі ұйымдардың тәрбиешісі» біліктіліктері бойынша оқитын 4аКДО, 4бКДО, 4сКДО топтарының байқау және бақылау практикасының нәтижесін қорытыңдылауға байланысты конференция өтті.
Конференция мақсаты практикадан өтіп келген студенттердің практика бағдарламасын орындау сапасына және практика барысында туындаған мәселелерге талдау жасап, қорытындылау болды. Шараға практикаға қатысқан топтар студенттері, мектепке дейінгі білім беру кафедрасының әдіскерлері, практика бөлімі және осы мамандық бойынша оқитын 2,3 курс студенттері қатысты.
Конференция бағдарламасында практикадан өтіп келген әр топ «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты» мазмұнына сәйкес "Денсаулық", "Қатынас", "Таным", "Шығармашылық", "Әлеумет" білім беру салалары бойынша практика барысында өткізген ертеңгілік жаттығулар, ұйымдастырылған оқу қызметі, серуен, мереке-сауықтардан үзінділерін фотосуреттер, видеороликтер, презентациялар арқылы көрсетіп, есеп берді.
Студенттер теориялық білімдерін практикамен ұштастырып, педагогика, психология тұрғысынан жаңа тәжірибе жинақтап, педагогикалық ұжыммен, әр түрлі жастағы топ тәрбиеленушілерімен, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен, ата-аналармен педагогикалық қарым-қатынас жасау әдіс- тәсілдерін меңгерген.
Мектепке дейінгі ұйымдағы санитарлық шектеу жағдайында ата-аналармен байланыс жасаудың бір формасы ретінде студенттер ертегілерден бейне қойылымдар түсіріп, ата-аналар чатына жіберген.
Сондай-ақ студенттер машықтан алған әсерлерімен бөлісіп, ерекше білім беру қажеттіліктері бар топтарда жұмыс жасау ерекшеліктеріне байланысты туындаған мәселелерді қалай шешкендіктері туралы тәжірибелерімен бөлісті.
Кафедраның тәжірибелі әдіскері Т.У.Маденова топтардың кейбір презентацияларының безендірілуіне, қойылымдардағы сахналық мәдениетке байланысты ұсыныстар жасап, студенттердің дидактикалық талаптарға сай дайындаған көрнекіліктеріне ризашылық білдірді.
Шараны қорытындылау мақсатында сөз алған директорының оқу-өңдірістік жұмысы жөніңдегі орынбасары М.С.Мұқашев жалпы топтардың практика нәтижесіне оң баға беріп, кафедраға алдағы уақытта жеке әдістеме пәндерінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істеу технологияларына мән беру керектігін, бағдарламадан тыс ұлттық ертегілерден мектепке дейінгі балалардың жас ерекшеліктеріне сай сахналық қойылымдар жинақтарын дайындауды ұсынды.