Ж.Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжінде қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасы «Шежіреңді біл, тарихыңды таны» атты 16 Наурыз –Шежіре күніне арналған Наурыз мерекесі шарасын ұйымдастырып өткізді.
«Жеті атасын білген ұл жеті жұртқа жөн айтар» деген аталы сөзді арқау етіп, баласына ата тарихын жастайынан жаттатқан халқымыз осылайша ер-азаматты ерлікке, елдікке, Отан сүюшілікке баулыған.
Мерекелік шара 17 ғасырда қазақ тілінде жазылған тұңғыш тарихи шығарма Қадырғали Жалайридың «Жамиғ ат-Тауарих» («Жылнамалар жинағы»), Ш.Құдайбердіұлының «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі», Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының «Наурызнама» еңбектерін таныту арқылы әр қазақ баласының ұлт тарихын тану жеті атасын түгендеуден басталып, сол арқылы ұлттық құндылықтарды өскелең ұрпақтың бойына дарытуды мақсат тұтты.
Ән-жыр, би-күймен өрілген мерекелік кеште әжесі мен немересінің арасындағы диалог «Жеті атасын білген ұл- жеті жұрттың қамын жер» деген аталы сөздің мәнін ұқтырса, 1пКШК тобы студенттері Қадырғали Жалайридің «Жылнамалар жинағынан» мәліметтер келтіріп, бұл еңбекті жазудағы негізгі мақсаты —Шыңғысхан ұрпағы — Ондан сұлтанның баласы Оразмұхаммедтің хан тағына лайықтығын дəлелдеу, шығарманың екі бөлімнен тұратынын, әсіресе екінші бөлігінің орта ғасырдағы қазақ тарихымен шұғылданушылар үшін бағалы екендігін атап өтті. Сондай-ақ шығармадан көптеген мәліметтер келтіріп, кейбір жалпы есімдердің ақа- әскери шен, фуджин-әміршінің әйелі, хатун-билеушінің жұбайы титулдарының мәнін ашты.
Ш.Құдайбердіұлының «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресін» таныстырған студенттер ғалымның бұл еңбекті жазуға 20-30 жылын арнағандығын, түркілердің тарихын таныта отырып, қазақ шежіресін тарқатудағы басты шығарма екеніне баса назар аударды. «Қазақтардың шығу тегі бойынша өз аталарын білгісі келгендер осы кітаптан табады. Егер кімде-кім ата-бабаларының шежіресі жайлы жазғысы келсе алдымен Шәкәрімнің еңбегін оқып алуы қажет» деген Алаш арысы Ә.Бөкейхановтың сөзін келтірді.
Қазақтың қазақ болғанда өзіне арналған, сыбағасына тиген жалғыз мейрамы-наурызнама. Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің «Наурызнамасында» қазақ ортасында бұл мейрамның қалай аталып өтетінін және оның философиялық мағынасы қандай екеніне егжей-тегжейлі тоқталады. Едіге би Баянауылдың бауырынан жүз кісі болып, атқа мініп, Қызылтауда Сәті тасында отырған елдің құты, жеті атасынан бері байлық үзілмеген текті атаның тұяғы Мырзағұл баласы Сәті мырзаға барып Ұлыстың ұлы күні наурызнама қылдырайық деп келген сәтінен көрініс көрсетілді. Наурызнама берудің негізгі мақсаты да-тіршіліктің негізі-баршылық үшін, береке үшін жасалып жатқандығы.
Тағылымы мол шараның түйіндеу мақсатында ұйымдастырылған «Не түйдік?» рефлексиялық бөлімінде студенттер сұрақтарға жауап беріп белсенділік танытты.
Шара соңында «Баталы құл арымас» дегендей, 1- курс студенттері ер балаларының Наурыз батасымен, Қадыр ақынның ұлттық болмысымызды танытатын «Қазақ осы» әнімен тәмамдалды.
Наурыз мерекесі аясында «Шежіре күнін» аталып өту - Ұлт шежіресін тарқатып, тарихымызды танудың бастауы болғай!