Ж.Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжінің қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасы ұлы Абайдың 175 жылдығына арналған онкүндігін 15 желтоқсан күні «Абай жолы-халық жолы» интелектуалды ойынымен қорытындылады. Еліміздегі «Бір ел-бір кітап» акциясына үн қосып, М.Әуезовтың қазақты әлемге танытқан туындысы «Абай жолы» роман-эпопеясын оқып, одан алған парасат-пайымын ортаға салу арқылы білім сайысын ұйымдастыруды мақсат тұтқан шараға «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының 3 тобы қатысты.
«Абай жолы» эпопеясы дүние жүзі халықтарының 116 тіліне аударылған. «Абайды білмек парыз ойлы жасқа» деп абайтанушы ғалым Мекемтас Мырзахметұлы айтпақшы, Әуезовтің «Абай жолы» классикалық туындысы арқылы Абайды тану қазақ халқын танумен тең. Абайды тану – өзіңді өзің тану болмақ. Бұл орайда Абай мұрасын, ғылыми мұрасын зерттеу мен ақынның көркем бейнесін сомдау да және Абайды қазаққа ғана емес, әлемге танытуда да дара тұрған, сөз жоқ М.О.Әуезов екені баршамызға аян.
ZOOM бағдарламасы арқылы онлайн өткен шара барысында quizizz.com бағдарламасы арқылы блиц сұрақтарға жауап берсе, jigsawplanet.com бағдарламасымен пазла құрастырып, шығармадан берілген картиналарды құрастырып, қай оқиғаның көрінісі екендігін тапты. Шығармадан үзінділер ұяшықтағы сұрақтар мен бейнесұрақтар арқылы беріліп, қатысушылардың парасат -пайымы сарапқа салынды. Сайыс кезеңдері арасында әлемдік классиканың қатарына енген шығарма туралы, Massaget.kz порталы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай Мұхтар Әуезовтің "Абай жолы" роман-эпопеясының қысқаша мазмұнына doodle анимациялы видеосаммари дайындағаны, Тұмабай Наданбаевтың Абай өмірін қаз-қалпында жеткізушілердің бірі екендігі туралы қосымша мәліметтер беріліп отырды. Шара соңында студенттер padlet.com виртуалды тақтасында әлемдік деңгейдегі шығарманы оқу барысында түйген ойларымен бөлісті.
Кафедра оқытушылары «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп...» тақырыбындағы онкүндікте белгіленген шаралардың өту барысына шолу жасап, белсене қатысқан А.Нұрқанова, Б.Орынбасар, М.Борис, Ф.Қазиев, А.Ешмурзиева, М. Ахметжанова, Н.Гумаров т.б. студенттерді атап өтті.