Мен Аманжанқызы Рабиға 2012 жылы Шығыс Қазақстан облысынан сонау Батыс Қазақстан облысының орталығы Орал қаласына келіп, Жаһанша Досмухамедов атындағы педагогикалық колледжіне “Тәрбие жұмысын ұйымдастырушы” мамандығына оқуға түстім. Бұл шешім менің өмірімдегі ең маңызды қадамдардың бірі болды. Қазіргі таңда сол алған білімімді өмірлік азық етіп, өз мамандығымды жетік меңгеріп келемін.
Колледжді үздік дипломмен тәмамдап, осы жетістікке жетуіме себепші болған жандарға алғыс айтқым келеді. Ең алдымен, маған үлгі бола білген, кәсібіне жан-тәнімен берілген кураторым Венера Аманқосқызына терең ризашылығымды білдіремін. Сонымен қатар, білім нәрімен сусындатқан, өз ісінің шебері педагогика мен психологияның негіздерін санамызға сіңіріп, тәлімді тәрбие берген Райса Қасымқызына ерекше алғысымды арнаймын. Сол кезде меңгерген педагогика мен психология өмірлік азық болып сол білімнің арқасында “Қазақстанның үздік психологы” төсбелгісін иелендім.
Қазіргі уақытта Алматы қаласы Білім басқармасы қалалық білім берудегі жаңа технологиялардың ғылыми-әдістемелік орталығында әдіскер болып жұмыс істеп жүрмін. Сонымен қатар, мектепте тәрбие ісін меңгерушісі ретінде қызмет атқарып, қосымша маңызды жұмыстармен айналысамын.
Әрине, менің бұл жолды таңдауыма үлкен үлес қосқан, Орал қаласына баруыма себепші болған апам Айгүл Аманжанқызына да алғысым шексіз. Ол мені әрқашан қолдап, бағыт-бағдар көрсетіп отырды.
Баршаңыздың берген біліміңіз бен тәрбиеңіз үшін басымды иіп, алғыс айтамын. Сіздердің қолдауларыңыздың арқасында мен өз кәсібімде биік белестерге жетіп, абыройлы еңбек етіп келемін. Ізгі ниетпен, Аманжанқызы Рабиға , Алматы қаласы