Ж.Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжінде БҚО Әкімдігі БҚО Полиция Департаментімен бірлесіп «Кәмелетке толмағандардың құқыққа қарсы мінез-құлықтарының профилактикасы, адамгершілік-рухани құндылықтарды насихаттау» тақырыбында кездесу ұйымдастырылды.
Мақсаты - құқықтық сауаттылықты арттыру және адамгершілік – рухани құндылықтарды насихаттау. Шараны колледж директоры Кайрлиева Алтынгүл Жақсығұлқызы ашып, қатысушы қонақтарды таныстырды: БҚО іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы, облыс әкімінің кеңесшісі Ж.М.Төремұратова, БҚО футбол қауымдастығының президенті Ғ.Х.Қапақов, БҚО Полиция Департаментінің аймақтық полициялық қызмет басқармасының бастығының орынбасары Б.Қ.Жанабаев, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері БҚО ББ ТжКББ және кәсіптік білім бөлімінің басшысы Б.Д.Сарбалина, БҚО Полиция Департаментінің Криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі Ж.Ж.Ахметов, Абай полиция бөлімінің аға жедел уәкілі, криминалды полиция майоры А.С.Жусубалиева және учаскелік инспекторлар қатысты. Алғашқы болып сөз алған Жансұлу Меңешқызы студенттерге өмірлік тәжірибеден тағылымды әңгімелер айта отырып, жастарды сапалы білім алуға шақыра отырып, білімнің адамгершілік сезімдерге негізделуін, мәдениетсіз алынған білім адамзатқа қауіпті екендігіне назар аударды. Ғайса Хамидоллаұлы студенттерге аталық ақылын айтып, өмірден адастырмайтын жол таңдауына кеңес берді. Бағида Диасқызы өз кезегінде алдымен кітап оқитын, фильмді таңдап қарайтын аудиторияны анықтап алып, Бауыржан Момышұлының тағылымды әңгімелерін оқығанды ұнататынын, қазақы рухтың өмірдің қандай қиын кезеңдерінде де мұқалмағандығына мысалдар келтіріп, ұлттық рухымызды асқақтатар ұрпақ болыңыздар деп сенім білдірді. Құқық қорғау қызметкерлері бүгінгі күнде таралып отырған интернет алаяқтық, дроперлер, нашақорлық туралы қажетті ақпараттармен бөлісіп, бейнероликтер көрсетіп, келеңсіз жағдайлардың алдын алуға шақырды. Ашық диалог форматында өткен кездесуге колледж студенттерінен 1,2 курс студенттері қатысып, өздерін мазалап жүрген сұрақтарға жауап алды. Кездесуді колледж директоры қорытындылап, келген қонақтарға алғысын білдірді.