31 қазан күні Техникалық және кәсіптік оқу орындары студенттерінің арасында жүйріктер оза шабатын жыр бәйгесі, облыстық «Ақұштап оқулары» байқауы өтті. Сайыста 11 колледж студенттері бақ сынасты.
Байқаудың мақсаты: поэзия шыңына талпынған жастардың қанаттарын қатайту, қаламдарын ұштау, қасиетті қара өлең құдіретін таныту. Байқау кезеңдері: І кезең «Мені оқитын, мені ұғатын халық бар» ақын өлеңдерінің бірін мәнерлеп жатқа оқу; ІІ кезең «Жүрекпін екіге жарылған» Ақынның өмірі мен шығармашылығына байланысты әдебиетші ғалымдардың пікірлері мен ақын поэзиясы, ондағы қанатты сөздер, ақын сөзіне жазылған әндердің авторларына қатысты сандықшада жасырылған сұрақтарға жауап беру. Сөзі - жібектей жеңіл, ойы – қорғасындай ауыр – сыны мен сырын, қуанышы мен мұңын қатар өріп отыратын өрімтал ақынның өлеңдеріне қаныққан әділқазылар құрамында: Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері, ардагер ұстаз - Жақыпова Қырымжан Үмбетрзақызы, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті тіл, әдебиет және ақпарат ББ жетекшісі, оқытушы, педагогика ғылымдарының магистрі - Мұханбетова Жангүлім Өтепбергенқызы, Х.Есенжанов атындағы облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасының «Хамза қырандары» зияткерлік клубының жетекшісі, ҚР Проза жанры бойынша «Қазақстан үздігі» төсбелгіснің иегері- Едігенов Нұрлан Маралбекұлы болды. Байқау шымылдығы Мұнайдар Балмолданың сөзіне жазылған «Ақұштабы Алаштың» әнімен ашылды. Сайыс нәтижесі екі бағытта бағаланды: Педагогикалық бағыт бойынша 1-орынды Ж.Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжінің үздік студенті Ислямова Гульмира Талғатқызы, 2-орынды Орал гуманитарлық-техникалық колледжінің студенті- Әнжан Нұрым, 3-орынды Ж.Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжінің студенті Орақова Айша иеленді. Техникалық бағыт бойынша 1-орынды Халықаралық цифрлық технологиялар, Сәулет және құқық колледжінің студенті Тельман Айсара, 2-орынды Орал «Сервис» технологиялық колледжінің студенті Бисенбаева Гульбаршын, 3-орынды Батыс Қазақстан индустриалды колледжінің студенті Есмағұлов Ерасыл қанжығасына байлады. «Батыс Қазақстан АТиСО академиялық колледжінің студенті Калиуллинов Айнабек «Зерделі тұлға», «Жоғары инженерлік-технологиялық колледжінің студенті Ғазиз Нұрсәт «Көрермен көзайымы», Ақжайық аграрлық техникалық колледжі студенті Губайдуллин Шерхан «Талапты жас» номинацияларымен марапатталды. Белсене қатысқандарға Алғыс хат табысталды. Сайыс қорытындысы ақынның сөзіне жазылған «Жіберілген хаттар» әнімен аяқталды.