Ж.Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжінде «Баланың бас ұстазы- АТА-АНА» тақырыбында колледж білім алушыларының ата-аналарына арналған ашық есік күні ұйымдастырылды.
Негізгі мақсат - ата-аналарды колледж тыныс-тіршілігімен таныстыра отырып, бала тәрбиесіндегі түйіткілді мәселелер туралы ашық диалог құру, бірлесе отырып шешудің жолдарын қарастыру, үштік одақтың жұмысын нығайту.
Ата-аналарға арналған түрлі форматтағы тақырыптық шаралар барлық кафедраларда ұйымдастырылды.
Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасында мамандық бойынша білім алушылардың ата-аналарына «Ұлттық құндылықтар – тәрбиенің түп қазығы» тақырыбында REDx форматында шара өтті. Кафедра оқытушысы А.Ж.Темрешева Б.Момышұлының «Ұшқан ұя» шығармасын талдап, туындының ұлттық тәрбие туралы тұстарынан дәлелдер келтіре отырып, тапсырмалар арқылы ата-аналармен диалог орнатса, Р.Қайыржановтың анасы Мулдағалиева Нұргүл Абайдың отыз жетінші қарасөзін талқылап, құнды тұстарын көрсетіп, пікір алмасты.
«Педагогика және психология» кафедрасы ұйымдастырған “Ата-ананың тәрбиесі – бала мінезінің іргетасы” тақырыбында ата-аналар жиналысында отбасы мүшелерінің бір-біріне деген сүйіспеншілігі мен қамқорлығы, махаббатының маңызына тоқталып, «Отбасы татулығы» көрінісі қойылып, (жет. Ғалымова Р.М.) топтық жұмыс, жағдаяттарды шешу, қимыл -қозғалыс арқылы ойындар арқылы ата-аналармен интербелсенді жұмыстар жүргізілді. Рефлексия кезеңінде мақал -мәтелдер арқылы ата- аналармен кері байланыс жасалды.
Математика, информатика, физика кафедрасында интернет ресурстарын қауіпсіз пайдалану мәселесі бойынша ата-аналардың білімін арттыру мақсатында "Онлайн тәуекелдер және виртуалды әлемде балаларды қорғау" тақырыбында ата-аналарға арналған интерактивті отырыс өтті.
Ашық есік күні аясында әке тәрбиесіне маңыз беруде «Әке тәрбиесін әлсіретпейік!» тақырыбында оқытушы Ж.Хамза ұйымдастырған пікірталастың ашық алаңы ұйымдастырылды. Шараға әкелермен қатар музыкалық білім беру бөлімінің ата-аналары балаларымен қатысып, бірге өнерлерін көрсетті.
Сондай-ақ әкелерге арналған спорт алаңында волейболдан әкелері арасында "Менің әкем жақсы адам" атты волейбол ойыны жарысы өткізілді. Жарыс қорытындысы бойынша "Үздік ойыншы" номинациясын Турашев Мухамбет жеңіп алды. Жарыстың жалпы қорытындысы бойынша 1-орынды 3 а КШФ тобы әкелері, 2-орынды 3 п КШФ тобы әкелері жеңіп алды. Жеңімпаздар дипломдармен марапатталды. Әрбір отбасында елін сүйетін, ұлтжанды азаматтың тәрбиеленіп шығуы әке тәрбиесімен тығыз байланысты екені күмәнсіз.