21 мамыр күні қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының ұйымдастыруымен «Ұлттық құндылықтар – тәрбиенің түп қазығы» тақырыбында ата-аналарға арналған ашық есік күні өтті.
Шара READх форматында ұйымдастырылды. Мақсаты: халықтық тәлім-тәрбие негізінде қазіргі қазақ жастарының бойына ұлттық сананы сіңіру, ұлттық құндылықтарымызды әдеби шығармалар арқылы насихаттау.
Жиында ең әуелі ата-аналармен жағымды атмосфера қалыптастыру мақсатында амандасу тренингі өткізіліп, артынан ата-аналарға отбасы, ұлттық құндылық, бала тәрбиесі бағытында интерактивті сұрақтар қою арқылы жалғасын тапты. Қойылған сұрақтарға ата-аналар өз ойларын еркін білдіріп, толыққанды жауап берді. Шара барысында Кафедра жетекшісі А.Т.Қойшекенова ұлттық құндылықтар, «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» жөнінде түсіндіріп, қазақ зиялыларының ұлағатты сөздерімен ойын өрбітті.
Б.Момышұлының ұлы Бақытжанға айтқан "Халықпен бірге болсаң, ешқашан жалғыз қалмайсың. Егер халық жолымен жүрсең, адаспайсың. Егер сен қаздарды санасаң, онда халық құмды санайды. Халықтың көзінен ештеңені жасыруға болмайды, сондықтан халыққа адал бол, басыңды халықтың алдына қой" деп айтқан өсиетін мысалға келтіре отырып, ата-аналарға ой салар сұрақтар беріліп, тапсырмалар орындалды.
Кафедра оқытушысы А.Ж.Темрешева Б.Момышұлының «Ұшқан ұя» шығармасын талдап, туындының ұлттық тәрбие туралы тұстарын дәлелдер келтіре отырып, тапсырмалар арқылы ата-аналарға жеткізді.
3пКШК-11 тобының студенті Қайыржанов Ринаттың анасы Мулдағалиева Нұргүл Абайдың отыз жетінші қарасөзін талқылап, құнды тұстарын көрсетіп, жиналғандармен пікір алмасты.
3пКШК-11 топ студенті Әсемгүл Шафхатқызы Мүслимеден «Ата-анаға алғыс» әнін орындаса, Маратов Ернар, Қайыржанов Ренат өз шығармашылығынан ата –анаға арналған арнау өлеңдерін оқыды.
Оқытушы Б.Б.Құрманғалиева «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы студенттерінің жетістіктерін ата –аналардың назарларына ұсынып , топ кураторлары жазғы аралық және мемлекеттік емтихан, демалыс, қауіпсіздік шаралары жөнінде ақпарат берді.
Шара соңында ата-аналар өткізілген ашық есік күніне өз ризашылықтарын білдірді.