2024 жылы мамыр айының 13 күні Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық орталық әмбебап ғылыми кітапханасында Аналар күніне арналған «Адамзаттың асылы – Ана деген құдірет» атты мерекелік шара сән-салтанатпен өтті. Шараға Ж.Досмұхамедов атындағы Жоғары педагогикалық колледж студенттері белсенді катысты.
Шараның басты мақсаты: әйелдерді, соның ішінде аналарды құрметтеу дәстүрін нығайту, қоғамдағы аналар ролінің қаншалықты жоғары екенін жастарға түсіндіру.
Алғаш рет елімізде тойланып жатқан Аналар күніне кітапхананың тұрақты оқырмандары, әрбіреуі өз алдына кәсіпкер, бір үлкен әулеттің түтінін түтетіп отырған көп балалы аналар, Сұлтанғалиевтар отбасының абысынды - келіндері Аяжан Айғалиқызы, Әйгерім Серікқызы, Мөлдір Тасболатқызы қазақтың салт-дәстүрін, ұлттық мұраттарын өскелең ұрпаққа дәріптеді.
Аяжан Айғалиқызы, Әйгерім Серікқызы, Мөлдір Тасболатқызы отбасының ұйытқысы ғана емес, сонымен бірге саяси-қоғамдық өмірге белсене араласып, еліміздің дамуына да зор үлес қосып келеді. Бірі кондитер саласында танымал болса, екіншісі саусағынан бал тамған аспазшы, ал үшіншісі белгілі SMM-менеджер.
Мерекелік отырыс барысында Сұлтанғалиев әулетінің абысындары адамның жеке басының алғашқы қалыптасуы отбасынан басталады деп айтты. Баланың ержетіп өсуі, бойындағы алғашқы адамгершілік белгілер отбасында қалыптасады, сондықтан да туған үйдің жылуы – оның көкірегінде көп жылдар бойы сақталып, мәңгі есінде жүреді.
Туған үйден алған тәрбие басқа әулиетке келін болып түскенде сыйластық пен жарастық орналасқан үлгілі отбасы болуына тигізген әсерін, бала тәрбиесіндегі өздерінің ойларын және осындай жетістіктерге жетуіне отбасындағы сыйластықпен түсінушіліктің арқасы екенің айтып өтті.
Аталған шара отбасылық тәрбиесін ұлттық құндылық ретінде жандандырып, жастардың, болашақ ата-аналардың еңбекқор, дені сау, білімді, ақылды, иманжүзді, адамгершілігі мол, сұлу да сымбатты, ұлтжанды азамат болып өсуіне зор ықпал етеді.