110 жылдық тарихы бар Жаһанша Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледж оқытушылары мен студенттері қала тұрғындары мен қонақтарына арнап А.Н.Островский атындағы орыс драма театры алдында «Қош келдің, Әз Наурыз!» атты мерекелік концертін ұсынды.
Биылғы жылғы жаңарған Наурызнама тұжырымдамасы бойынша 22 наурыз – Жыл басы күні. Күн мен түн теңеліп, жердің тоңы жібитін шағы. Табиғат ана босанып, тіршілік біткенге нәр енетін сәт. Сол себепті де ежелгі жыл санауда наурыз айы - жылдың бастауы деп есептелген.
Мерекелік концерт барысында «Күн мен түннің теңелуі» көрінісі қойылып, ән-күй, жырдан шашу шашылып, студент қыздарымыздың әсем билерімен жиналған көпшіліктің мерекелік көңіл –күйін туғызды. Концерт соңында Наурыз бата беріліп, «Наурыз -думан» әнімен қорытындыланды.
Әрі қарай мектепке дейінгі кафедра оқытушылары алаңға келген кішкентай қонақтармен би билеп, «Арқан тартыс», «Қыз қуу», «Асық» т.б. ұлттық ойындарды ойнатып, сыйлықтар таратты.
Сондай-ақ жиналған көпшілікке тоғызқұмалақ, арқан тартыс, кір тасын көтеру, т.б. спорттық сайыстары ұйымдастырылды.