Батыс Қазақстан облыстық Білім басқармасының ұйымдастыруымен Ж.Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжінде НАУРЫЗНАМА Наурыз мейрамын тойлаудың жаңа тұжырымдамасы бойынша отбасылық құндылықтарын дәріптеуге арналған «ҚАРАШАҢЫРАҚ –ҚАСИЕТТІ ҰҒЫМ» атты мерекелік шара өтті. Шараға БҚО Білім басқармасының басшысы Мыңбаева Айгүл Әділгерейқызы, педагогикалық еңбек ардагерлері, ата-аналар, колледж оқытушылары мен студенттер және бірнеше халықаралық ән байқауларының жүлдегері әнші жерлесіміз Ержан Максим қатысты.
Колледждің «Атамұра» ұлт аспаптар оркестрі қонақтарды күймен қарсылап, дәлізде ұлттық қолөнер бұйымдарынан көрме, МИФ кафедрасының электронды тақтада «Жеті ата математикада» жобасы таныстырылды. Мектепке дейінгі тәрбие бөлімі тойға келген кішкентай қонақтарға арналған ұлттық ойындар ойнатып, балаларға арналған қызықты шаралар ұйымдастырды.
Концерттік шара «Балбырауын» күйімен басталып, алғашқы құттықтау сөз БҚО ББ басшысы А.Ә.Мыңбаеваға берілді. Өңіріміздің бас ұстазы барша жиналған қауымды Наурыз мерекесімен құттықтап, «Шаңырақ» сөзінің маңызына тоқталды. «17 наурыз –Шаңырақ күнінің» маңызын ашатын «ҚАРАШАҢЫРАҚ» қойылымында колледж оқытушылар өнер көрсетіп, “Қарашаңырақ” - үй иелерiнiң өсіп өнген, тамыры тереңнен тартқан ата-баба дәстүрiнің жалғасып келе жатқандығының белгiсi. Қарашаңырақ иесі әдетте - кенже ұл екендігін танытатындай тағылымды көрініс болды.
Саяхатшы-ғалым Семенов-Тянь-Шанский: Қазақтардың салт-дәстүрлері түгел тұнып тұрған ілім-білім!- деп, халық даналығына таң қалған. Дала заңына бағынған қазақ отбасында қалыптасқан ұлттық құндылығымыз асыл әжелеріміз бен абзал аналарымыздың арқасында ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқандығы «Әже тәрбиесі» қойылымымен танытылды. Шара барысында Айгүл Әділгерейқызы колледжде 40 жылдан астам еңбек етіп, өңіріміздің білім саласында қажырлы еңбек ете жүріп, ұрпағына тағылымды тәрбие берген өнегелі шаңырақ «Алтын шаңырақ» иесі Сүлейменовтер отбасы, отандасқандарына 45 жыл болған Набидоллиндер отбасы, отасқандарына 40 жыл болған Мұқашевтар отбасын марапаттап, естелік сыйлықтарын табыс етті. «Алтын шаңырақ» иесі Мақсот Насекенұлы жас шаңырақ иелеріне батасын беріп, жианалғандарды Наурыз мерекесімен құттықтады.Шара «Наурыз-думан!» әнімен қорытындыланды.