Бүгін Жаһанша колледжінде «Жас сарбаз» әскери-патриоттық клубының ұйымдастыруымен «АУҒАН АҚИҚАТЫ» атты кездесу кеші өткізілді. Оған студенттер мен ұстаздар және қонақтар қатысты. Шараның мақсаты - биыл Ауған соғысының аяқталғанына 35 жыл толуына арналып отыр.
Ең әуелі Қазақстан Республикасының әнұраны орындалып, қыршын кеткен жерлестерімізді еске алу үшін бір минут үнсіздік жарияланды.
1989 жылы, ақпан айының 15 - ші жұлдызында
талай аналарды перзенттерінен айырған, мыңдаған жерлес бауырларымыз қаза тапқан, қасіретті де қайғылы да, Ауған соғысы аяқталды. Екінші жаһан соғысына пара - пар зардабы мен залалын шашқан Ауған соғысының тарих қоржынында жатқанына да 35 жыл өтті. Жарасы жазылған жоқ. 3285 күнге созылған алапат апаттың аяқталар күні бар екен. Ол 1989 жылдың 15 — ші ақпаны болатын. Дәл осы күні халықаралық Женева келісімінде бекітілгендей, Ауғанстаннан соңғы кеңес әскерлері шығарылды. Ауған соғысына 22269 жерлесіміз қатысып, жиырма біріне жат жерден топырақ бұйырған.
Шейіт болған 10955 боздақтың 761 — і қазақстандық жауынгер. 362 — сі қазақ. Жылдар өткенімен жауынгерлеріміздің өшпес ерлігі ел есінде сақталды. Бүгінде «Ауған соғысы қажет пе еді?» деген сұрақтар көп қойылатын кезеңде, бүгінгі жас ұрпақ еліміздің сол соғысқа қатысқан жауынгерлердің Отан алдындағы борыштарын адал ақтаған азаматтар деп әрдайым құрмет тұтары сөзсіз.
1979 жылы желтоқсан айында Кеңес үкіметінің ұйғаруымен Ауғанстан жеріне Кеңес әскерлерін енгізу туралы шешімнің қабылдануы мен жазықсыз төгілген қан. Тарих жылнамасынан орын алған зұлматтың бірі –Ауған соғысы жайындағы бейнефильм жиналған көпшіліктің назарына ұсынылды.
Ауыр аманат арқалап, өмір мен өлім белдескен қанды шайқасқа қатынасып, батырлықпен ерен ерліктің үлгісін көрсеткен қаһарман жерлестеріміз құрметті қонақтар Ауған соғыс ардагерлері Кенжеғалиев Нұрболат Утепович пен Ниязов Талғат Шамуратович сол бір Ауған даласындағы қияметке толы сәттерден естеліктерін ортаға салды.
Қаншама боздақтарымыздың қаны төгілген сол бір кесеапат соғыстың ұмтылуы мүмкін емес, қайта жыл өткен сайын санада жаңғырары қақ - деді олар өз сөздерінде.
Еліміздегі бейбіт өмір мен ашық аспанның қадірін білу басты парызымыз , Егемен еліміздің әр жетістігін бағалау қажет екенін естеріңізден шығармаңыздар жастар –деп , студенттер қойған сауалдарға кеңінен жауап берді.
Шара соңында Наргиза Ақылбекқызы «Ауғанның қанды даласы», Мақсат Гапаров «Мен қазақпын» өлеңдерін өз нақышында оқыса, колледждің өнерлі жастары ән шырқады.