Кайрлиева Алтынгүл Жақсығұлқызы
Ж.Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық
колледж директоры, БҚО Аналар кеңесінің мүшесі
Жас ұрпаққа ұлттық құндылықтарымызды, әдемі де тәрбиелік мәні зор дәстүрлеріміздің мәнін түсіндіріп, елдегі қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық дамуға, отбасылық-демографиялық саясатқа белсене қатысып отырған Аналар кеңесінің мүшелеріне Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Egemen Qazaqstan газетінде жарияланған ашық, әділ сұхбаты, нақты жауабы үлкен серпін, болашаққа зор ұмтылыс берді, өмір сүру үшін өзгере білу керектігін ұғындырды.
«Елдің бағын ашпаса, ер мұратқа жетер ме? Ерінің сағын сындырса, ел мұратқа жетер ме?» деген екен Әйтеке би. Халықтың үніне құлақ асатын мемлекет құруды көздеген Президент Қаңтар оқиғасынан кейін елдегі ішкі-сыртқы саясатты реттеп, ел басқару ісінде ең алдымен саяси реформалар жасауға кірісті. Президенттің табандылығы мен қарапайым халықтың ауызбірлігінің арқасында тыныштық орнап, мемлекетіміз сақталып қалды. Ата заңымызда жазылған азаматтарымыздың құқықтарын қорғау, әділеттілік сақтау үшін Конституциялық сот қайта қалпына келтірілді.
Президенттің уәкілетті мерзімін жеті жылдан асырмау және бір рет сайлаудың заңмен бекітілуі әділдікті ұстанатын Президенттің діттегені билік емес, мемлекет пен қоғамның дамуы, озық ойлы ұлт пен озат елге айналдыру екенін тағы бір дәлелдей түсті.
Әлеуметтік-құқықтық саладағы жаңалықтар да халық үшін тиімді. Президент тапсырмасына сәйкес, 2019 жылы 500 мың адамның кепілсіз алған несиесі кешірілді. Былтыр жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң күшіне енді. Азаматтарды құқықтық, экономикалық тұрғыда сауаттандыру жүргізілуде. Сол сияқты заңды белден басқан сот орындаушылары мен коллекторларды қатаң жазалау қарастырылуда. Жалақы, зейнетақы, жәрдемақылар көлемі ұлғайтылып келеді. Мұның бәрі әлеумет үшін жасалып жатқан игі істердің бір парасы.
Қазір Мемлекет басшысының нұсқауымен білім және ғылым саласында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Іскер әрі білімді азаматтар тек өз ісімен айналысып, өзгенің шаруасына араласпайды. Озық ұлт құру үшін алдымен санамен жұмыс істеу керек. Президент тәрбие мен білімге көңіл бөлді. Қазір республика бойынша оқуға жайлы мектептер салынуда. Жастардың білім алуы үшін заманауи талаптар жасалуда. Тарих түгенделе бастады. Қазақстан тарихының көптомдығы жарыққа шықса, ұрпаққа мол мұра қалады деген сөз.
«Біз озық ойлы ұлт ретінде халқымызды ыдырататын емес, біріктіретін жолды таңдап, тек қана алға қарауымыз керек. Жалпыұлттық құндылықтар бәрінен жоғары тұруға тиіс. Бұл туралы үнемі айтып жүрмін. Тағы да қайталаймын, еңбекқорлық, білімпаздық, кәсібилік, бірлік, ынтымақ, жанашырлық, іскерлік, бастамашылдық, адалдық, қарапайымдылық және үнемшілдік – нағыз отаншыл, адал азаматқа тән қасиеттер мен құндылықтар. Халқымыздың қуатын арттырып, табысқа жетелейтін осындай қасиеттер мен құндылықтарды жан-жақты дәріптеп, ұрпақ санасына сіңіру арқылы ғана сапалы ұлтқа айнала аламыз» деген Президент сөзі көпшілікке ой салды деуге болады.
Кейінгі кезде қоғамда белең алған зорлық-зомбылық пен қатыгездік, әйелдер мен балаларға зиян келтіретін қылмыстарды жою мақсатында Президент тапсырмасымен нақты шаралар қабылданып, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрестің жаңа әрі тиімді шараларын қарастыратын заң жобасының әзірленуі - Аналар кеңесі мүшелерін қуантты. Әйел баласы өмірдің кез-келген қиындығын жеңіп, төзе білетіні сөзсіз. Мұхтар Әуезовтың «Адамдық негізі әйел» «Адам баласының адамшылық жолындағы таппақ тарақияты әйел халіне жалғасады. Сол себепті әйелдің басындағы сасық тұман айықпай халыққа адамшылықтың бақытты күні күліп қарамайды. Ал, қазақ мешел болып қалам демесең, тағліміңді, бесігіңді түзе! Оны түзейім десең, әйелдің халін түзе!» деп жазған екен 1917 жылы. Егер озық ойлы ұрпақ тәрбиелейміз десек, ең алдымен отбасындағы, одан кейін білім беру мекемелеріндегі ұрпақ тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп, ұрпақ тәрбиелеуші әке мен ананың жағдайын жасап, санасын оятып, сілкініс жасауымыз керек ақ.
Жаңа әділетті Қазақстанды өркендету – жалпыхалықтық міндет. Біз Аналар кеңесінің мүшелері Мемлекет басшысының қолға алған әр бастамасын қолдаймыз, Президенттің білімділігі мен біліктілігіне, көрегенділігі мен дипломатиялық қарым-қабілетіне қарай, дұрыс саясат құрып, даңғыл дамуға бастағанына куәміз. Президенттің Жаңа жыл мерекесіне қарағанда ұлттық мереке Наурыздың мазмұнын байытып, оны барынша ерекшелеп, жаңаша атап өту қажеттілігін айтқан пікірі нағыз ұлтжанды тұлға екендігін көрсетті. Бұл қадам қоғамды ұйыстырып, ұлттық бірегейлігімізді айшықтап, ел бірлігін нығайта түсуге ықпал ететіні сөзсіз.