Тәуелсіздік күніне арналған колледжішілік «Тәуелсіздікке тұғыр болған тұлғалар» атты Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының тарихи-тағылымды шарасы өтті. Оған колледж студенттері мен оқытушылар қатысты.
Шараның мақсаты: Тәуелсіздікті баянды қылуға үлес қосқан тұлғаларды кейінгі жас ұрпаққа дәріптеу. Олардың өнегелі де өрелі өмір жолдарын насихаттау. 32 жыл бұрын Ел егемендігіне ие болып, тәуелсіздігіміз өз қолымызға тиген тұста бостандығымыздың тұғыры бекіп, елдігіміздің нығаюына ерен үлес қосқан тұлғалар өте көп. Бірақ уақыттың шеңберіне бүгін төрт тұлғамыз сиып отыр, солар жайында кеңінен тоқталмақпыз –деп шараны ашқан кафедра меңгерушісі Алтынгүл Қойшекенова Өзбекәлі Жәнібеков, Жабайхан Әбділдин, Сұлтан Сартаев және Әбіш Кекілбаев сияқты тау тұлғалардың өмір жолдары мен тәуелсіздігіміз үшін жасалған сындарлы саясаттағы атқарған ұшан-теңіз еңбектеріне тоқталды.
Жиналғандарға «Тәуелсіздігімізге-32 жыл» - атты бейнеролик көрсетіліп, 1-курс студенттері тәуелсіздікке еңбектері сіңген , бүгінгі шараға арқау болған тұлғалар жайында естелік ақпараттарды ортаға салып, мазмұны терең көріністерге кезек берді. Сондай ақ, бірінші курс студенттері «Желтоқсан толғауы» жырын Анеля Тұрарбек, ,«Тәуелсіздік» өлеңін Сабина Русланова ,«Ерлікті көзбен көрген күнді» Мақсат Гаппаров мәнерлеп оқып берді. Айару Серікқали «Жаса Қазақстан» әнін шырқады. Ал, Айша Орақова, Назар Иманқұл Тәуелсіздігімізге арнап өздері жазған өлеңдерін оқып берді.
Шара соңында «Желтоқсан желі» әнін 1 курс студенттері тобы хормен орындады.