Жаһанша Досмұхамедов атындағы жоғарғы педагогикалық колледжінде «Отбасы бақыты үшін» тақырыбында кең ауқымды шара өткізілді. Оған студенттер, оқытушылар мен қонақтар қатысты.
Шараның мақсаты- отбасылық құндылықтарды насихаттау. Отбасындағы болатын қиындықтардың алдын алып, аға буын өкілдерінің тәжірибелерімен, жас буын өкілдерінің бақытты отбасын құрудағы бастамаларымен танысу.Білікті мамандардың отбасылық мәселелерді шешу турасындағы кеңестерін тыңдау, ой бөлісу.
Кездесу кешіне педагогика ғылымдарының докторы, академик, "Құрмет" ордені иегері, облыстық «Аналар кеңесінің» төрайымы, ел анасы - Шалқыма Құрманалина, көп балалы ана - Мәншүк Ермұханова, БҚО даму басқармасының бөлім басшысы Ранида Ашенова, кәмелетке толмағандардың аға инспекторы полиция мойоры Айнұр Суықбаева,“Сенімен Болашақ” РҚБ БҚО филиалының басшысы Шынаргүл Арыстанова, облыстық «Отбасы» орталығының меңгерушісі Ботагөз Сакенқызы, осы орталық психологі Индира Жоламановна және қаламыздағы №1 емханадан дәрігерлер: Гүлнара Нығметова және Гүлдерайхан Тілеуғазиевалар қатысты.
Шарада ең әуелі Отбасы түсінігі туралы психологиялық тренинг жүргізіліп, педагогика-психология пәні оқытушысы Рада Маратқызы «Ассоциация» жаттығуын жасап көпшілік назарына ұсынып, жиналғандарға әсерлі көңіл-күй сыйлады.
Одан кейін колледж директоры Алтынгүл Қайрлиева сөз алып, қазіргі кезеңде қоғамда әртүрлі зорлық-зомбылық жайттары жиірек кездесіп жатқан тұста, өсіп келе жатқан жаскелең ұрпаққа тәжірибелі мамандармен мұндай басқосуларды өткізудің маңыздылығына тоқталып, уақыттарын бөліп келген қонақтар мен жиналғандарға алғысын жеткізді.
Кездесуге келген барлық мамандар өз салалары бойынша әр түрлі статистикалық мәліметтерді ортаға салып, жұмыс барыстарында кездесіп отырған жайттарды баяндады.Бұл тұста облысымызда тұрақты жұмыс жасап келе жатқан облыстық «Аналар кеңесінің» жұмысына арнайы тоқталып кетуді жөн санадық. Оны басқаратын Шалқыма Хайроллақызы өз сөзінде Қазақстандағы әр шаңырақтың берекелі де мерекелі, тату-тәтті өмір сүруі үшін қолдан келген барлық игі істерді атқарып, көптеген шаруалардың тындырылып жатқандығын айтып өтті. Бүгінгі жас - ертеңгі еліміздің бір отбасы. Ендеше оны құрудан бұрын нені жоспарлап, неге мән беру керектігіне кеңінен тоқталған Шалқыма Хайроллақызы ел анасы ретінде жиналғандарға аналық кеңесін жеткізді.
Отбасының негізгі тірегі - бала. Баланың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіре біліп, ұлтжанды, «Отан - отбасынан басталады» демекші, отаншыл тұлға тәрбиелеуді басты мақсат қылған жас та болса жақсы бастаманың басы қасында жүрген колледж оқытушысы Жандос Жанұзақұлы отбасылық саяхат жайындағы әсерлі ойымен бөлісіп, баланың өз елін сүйіп, қадірлеудегі өзіндік жобасын көпшілік назарына ұсынды.
Сондай ақ, шара барысында колледжде тұрақты жұмыс жасайтын көптеген үйірмелердің бірегейлері «Дарын» және «Айкерім», «Колледж дауысы» вокалдық-эстрадалық ансамблі, «Жауқазын» би үйірмелердің мүшелері «Отбасы бақыты-сыйластықта» деген тақырыпта көрініс көрсетіп, бишілер мың бұрала би билеп, 3-курс студенті Қуандық Мейрамбек «Әке ана» әнін өз нақышында тамаша орындап берді.
Шара соңында аудиториямен байланыс орнатылып, студенттер осы кездесуден өздері не ұққанын, не ұтқанын ортаға салды. Жаһанша колледжінде алдағы уақытта да мұндай игілікті шаралар өз жалғасын табатын болады.