Осы қолжазбамды ғаламторда қалдыруға колледж оқытушым Гүлнар Сырымовнаның Ж.Досмухамедов атындағы педагогикалық колледжінің ұлы ұстаздары туралы ой қозғап, әдемі естелік жазбасы түрткі болды. Әрине, Мен секілді бұл колледжден қанша түлек ұшты десеңші?!
1999 жылы қыркүйек айында, Орал педагогикалық колледжінің «ағылшын пәні мұғалімі» бөліміне (1 б КШИ тобы) оқуға 30 қыз бала, 1 ұл бала қабылданған болатынбыз. Биыл осы оқу орнын бітіргенімізге 20 жыл толып отыр. Ең тәтті қызығы мен шыжығы мол болған студенттік шақтар, осы колледждің табалдырығында өтті. Үлкен өмірге жолдаманы осы колледжіміздің Ұлы Ұстаздарынан алдық. Әр «Білім Ордасы өз маманымен мықты» демекші, Үлгі тұтар Ұстаздарымыз жайлы сөз қозғамауға болмайды. Педагогика саласының нағыз маманы – Әбилә Өтепқалиқызы, Даупаев Қуандық (марқұм) ағайымыз – тіл біліміне кіріспе сабағын студенттермен әзілі жарасып отырып жүргізетін, Сария Губашевна ұстазымыз кішкентай балалармен жұмыстану, олармен тіл табыса алу жолдарын үйрететін. Ал, Бибігүл Сабыржановна, Ағжан Насимуллиевна – өзге тілдің қыр-сырын үйретіп, ағылшын тіліне деген сүйіспеншілігімізді арттырды. Әсіресе, Бибігүл Сабыржановнаның «Prince and Pauper» (Принц и Нищий) атты әңгімені ағылшын тілінде оқытып, сценарий бойынша киініп, колледж сахнасында өзге тілде қойылым жасағанымыз әлі есімде. Орыс тілі мұғалімі – Сара Зайлагиевна да 9- класс бітіріп ауылдан келген оқушылардың біраз сауатын ашуға зор септігін тигізді десем болады, Сара апайымыздың жетекшілігімен үлкен драма театр сахнасына шығып, «частушки» шырқап, қойылым да қоятынбыз. Ал, алғашқы жылдары кураторымыз болған Гаухар Қазбекқызының арқасында компьютердің құлағында да ойнайтын болдық. Сол жылдары, колледждің ұстаздары жаппай кітап басып шығаратын, ал біздің группаның қыздары ат салысқан болатынбыз
Қайран ‘Колледжім’ туралы айта берсем, жаза берсем өте көп. Қазіргі уақытта педагогика саласында 20 жылдай қызметте жүріп, 2 Жоғарғы оқу орнын аяқтасам да, колледжден алған тәлім-тәрбие, білімім үшін, біздерге әрдайым жаны ашыған «Ұлы Ұстаздарыма» тағзым етемін.
Қаленова Альбина Жұмабайқызы – Ж.Досмухамедов атындағы педагогика колледжінің 2003 жылғы түлегі, Орал қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің ағылшын пәні Мұғалімі, білім беру саласындағы жетекші ғылым Магистрі.