Ж.Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжінде «Ақмаржанын аңсаған Ақжайық» атты колледж түлегі, ақын, тілші Ақмаржан Бақытқызы Таубаеваның туғанына 65 жыл толуына арналған еске алу кеші өтті. Колледж оқытушылары, студенттермен қатар кеш қонақтары: «Өрлеу» Біліктілікті арттыру ұлттық орталығы акционерлік қоғамы филиалының Батыс Қазақстан облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының директоры С.С.Ізмұхамедова, ақын апамыздың ұстазы, ұзақ жылдар шығармашылық байланыста болған сазгер, ардагер ұстаз Роза Әжімұратқызы, ақынмен шығармашылық байланыста болып, тамаша туындыларды тудырған сазгер Тілек Мықтыбаев, әнші Мұрат Әмірханұлы, А.Таубаеваның туған сіңлісі Мәрия Бақытқызы, інісі Қайыржан Бақытұлы, әнші Майра Хайдаровалар қатысты.
Ақын Ақмаржан Бақытқызы жырларының лейтмотивіне айналған
«Құртқадайын Тайбурылды баптаған,
Өлең, сені мәпелесем деп едім»-деп өмірі-өлеңіне, өлеңі-өміріне айналған ақынның /“Өлең” , «Өзіңе ғашықпен өлең», «Анамның ақ сүтіндей қасиетің» т.б. өлеңдерімен қоса, өлеңдерінің бірқатары тарихи тұлғаларға: Пушкин, Абай сүйген арулар, ғалым Мәтжан Тілеужанов, Фариза ақын, ұстазы Шалқыма Хайроллақызына, әнші Роза Рымбаеваға арналған арнау өлеңдер оқылды. (“Мәтжан аға мұражайы”, “Фариза, Фариза қыз, Фариза өлең”, «Ақжайықтың ақмаңдайлы аруы», «София сіңліме» т.б.)/
Ұстазы, ұзақ жылдар шығармашылық байланыста болып, біраз өлеңдерінің әнге айналып халықтың ықыласына бөленуіне себепші болған ардагер ұстаз Роза Әжімұратқызы өз сөзінде Ақмаржан Бақытқызының кішілік, кісілік қасиеттеріне тоқталды.
Ақмаржан Таубаева әдебиетші ғалым Зейнолла Мүти айтқандай, өлең сөз бен көсем сөзді домбыраның қос ішегіндей бірдей ұстады. Алматыда жоғары партия мектебін бітірген, кейін Алматы қаласындағы Бостандық аудандық «Қазақ тілі» қоғамының жауапты хатшысы бола жүріп, қазақтың қанатты қызы атанған Хиуаз Доспанова, Міржақып Дулатовтың қызы Гүлнәр апай мен Абайдың төрт шөбересін тауып, жұртшылықпен таныстырды. Жалпы, Ақмаржан Бақытқызының қалам тартпаған тақырыбы, сия төкпеген саласы жоқ. Мәселен, «Нұр апасы Жайықтың» атты қазақтың партизан қызы Нұрғаным Байсейітовамен сырласу кітабы сол кезеңде ел ішінегі елеусіз жүрген тұлғаларды түгендеуде түреңге салынған соқадай болды. «Нұр апасы Жайықтың» кітабының негізінде дайындалған көрініс көрсетіліп, бір сәт қазақтың батыр қызының бейнесін көз алдымызға әкелгендей болды. Колледж оқытушы Ардақ Қанатқызы Уразғалиева, партизан қыз, соғыс ардагері Нұрғаным апа бейнесін шебер орындап, ұрпаққа ұлағатын жеткізе білді. әнші Мұрат Әмірханұлы «Қастерлейік Жайық қызы, Ана атын!» атты ақынның сөзіне жазылған Роза Әжімұратқызының әнін орындады.
Ақмаржан Бақытқызымен біраз жыл әріптес, қызметтес болған София Саллахаддинқызы мекеме жанынан «Жайық ұстазы» газетін ашып, жергілікті ұстаздар есімін ұлықтай отырып, 2011 жылы «Ұстаздар ұстаханасы», 2013ж. «Ұстаздар әлемі» сынды облысымыздың білім саласына елеулі үлес қосқан ұстаз-ардагерлер мен білім саласы басшылары туралы естелік сұхбаттарын жинақтаған елеулі еңбектері туралы тереңірек тоқталды.
Ақын жырының өрісін кеңейтіп, ғұмырын ұзартқан кештің қадірлі қонағы сазгер Тілек Мықтыбаев «Жаныма жақын бір мекен» атты әнін гитарада орындады.
Кеш барысында сөз алған ақын сіңлісі Мария Бақытқызы апасының артында қалған мол мұрасын соның ішінде этнографиялық бағыттағы жырларын оқушылармен бірге зерделеп жүргендігінен хабардар етті. Қайыржан Бақытұлы Ақмаржан Таубаеваның 65 жылдығына байланысты жоспарланған шаралар жүзеге асып жатқандығы туралы, ақын інісі ретінде апа аманатына адалдық танытып, ақынның шығармашылығын жинақтаудағы атқарылған шаралар туралы әңгімеледі.
«Отан», “Жастарға арнау”, «Мен Жайықтың перзенті» өлеңдері арқылы ақынның жас ұрпаққа өсиеті жеткізілгендей болды. Кеш соңында колледж директоры А.Ж.Қайырлиева сөз алып, Ақмаржан Таубаева шығармашылығы туралы әңгімелей отырып, барша келген қонақтарға өз ризашылығын жеткізді.
Шара ақынның сөзіне жазылған Роза Әжімұратқызының әні «Мәңгілік сағынышымды» әнші Майра Хайдарова орындап, әдемі кешті әдемі әнмен қорытындылады.Ақын жырларын жаттап, көркем ойларын көкіректеріне түйіп жүрген, шәкірттері мен колледж оқытушыларының жүрегінде Ақмаржан Бақытқызының есімі мәңгі асқақтай бермек.