«Үлгі тұтар Ұстаздар» айдары
1988 жылы Орал қаласындағы Орал педагогикалық училищесіне «Бастауыш сынып мұғалімі» мамандығын таңдаған 25 қызбен бірге мен де студент атандым. Биыл колледж бітіргенімізге (училище) 31жыл болыпты.
Біз оқыған кезде 1988-1992 жылдары «Орал педагогикалық училище» деп аталған оқу орны қазір өз статусын көтеріп, заман талабына сай Ж.Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледж атанды. Бүгінде осы оқу орнына 110 жыл толып отыр. Мен осы атаулы жылға орай өзіме сабақ берген білімді де өнегелі ұстаздар жайлы «Үлгі тұтар Ұстаздар» айдарымен колледжге еңбегі сіңген, талай жастарды маман, адам етіп қалыптастыруға қызмет еткен өз ұстаздарым туралы ой толғағым келеді.
Колледж түлектері, сіздер де осы киелі білім ордасындағы өз ұстаздарыңыз туралы ой бөліссеңіз, біз, қуаныштымыз!
Маған тәрбие мен білім берген және «Ұстаз» болып қалыптасуыма еңбек еткен колледждегі барлық ұстаздарымды құрметтеп, мақтан тұтамын. Олар Ш.Х.Құрманалина, Н.И.Мусина, Р.Г.Шынтемирова, А.У.Галимова, К.С.Жумасова, Р.А.Сулейменова, Ш.С.Набидоллина, Б.К.Набидолдин, С.Х.Құрманалина, К.Ш.Давлетова, Р.Т.Молдағалиева, М.К.Естурсинова, С.Е.Тампекова, Казына Сулейменовна, Г.Г. Жумалиева,т.б.
«Бір әріп үйреткенге 40 жыл сәлем бер» дегендей, бүгін мен алғашқы сөзді өзім үлгі тұтқан ұстаздарымның бірі, құрметті жан Мусина Нұржамал Ислямқызы туралы жазбақпын.
Мусина Нұржамал Ислямқызы 1941 жылы, 7 қаңтарда Чапаев ауданының Темошкин аулында дүниеге келді. 1958 жылы Чапаев қазақ орта мектебін бітіріп, А.С.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының «Тарих, тіл-әдебиет» деген ерекше факультетте білім алған. Оқу орнын бітірген соң 1963-1964жылы Есенсай орта мектебінде, 1964-1966 жылдары Бударин орта мектебінде, 1966-1971жж. Мерген орта мектебінде, 1971-1977жж. Чапаев қазақ орта мектебінде, 1977-1996жж. Орал педагогикалық колледжінде қазақ тілі мен әдебиеті, қазақ тілін оқыту әдістемесі пәнінен сабақ берді. Осы жылдарда білім алған жас білім алушы біздер үшін оқу, білім алу аса маңызды міндет болды. Ата-анадан жырақ жүрген бізге колледж ұстаздарының айтқаны заң, өздері үлгі болды.
Нұржамал апай үйреткен қазақ тілінің ережелері мен заңдары, сауатты сөйлеу мен жазуға үйреткен әдістемелері әлі күнге дейін ойымызда жатталды. Өз ана тілін сүю мен өз тілінде сауатты болуды, сонымен қатар жауапкершілік пен шыдамдылықты үйреткен тәрбиелік сәттері әлі есімізде.
Ұстаздың түрі нәзік, өзі жайлы, мінезі салмақты нағыз ұстаз бейнесін береді. Ал оқытудағы қатаң талабы мен мақал мен нақыл сөзі- тәрби құралы болды. Басқа оқытушылардай дауыс көтермей-ақ өз болмысымен, сырт келбетімен ғана өзіне баури білген өнегелі жанның адамгершілігі бір төбе еді. Ұстазымыз аз сөйлеп, көп сынап отыратын. Сабағымызға көңілі толар ма екен деп біз практикада қобалжып жүретінбіз. Бірақ ұстаз өзінің байсалдылығымен, әділдігімен шынайы пікір беріп, үнемі қанаттандыратын.
Нұржамал Ислямқызының колледждің 100 жылдығына арналған «Колледж тарихы» кітабында жазған мына бір ойы, біздің топ студенттері туралы екені мені қуантып отыр. Себебі, Райса Ғаббасовнаның топ жетекшілік атқарған жалғыз ғана тобы біздің 4г КШО тобы едік. Ұстаз :“Колледжде, әсіресе 9-сынып бітіріп келгендермен жұмыс істеу өте тиімді болды. Оқушылар қашан да білуге құштар тұратын. Әсіресе, Әбила Өтепқалиқызы мен Райса Ғаббасқызының топтары ерекше есімде сақталған”,- деп ой бөліседі ардагер ұстаз.
Студент кезімізде қалада қазақ мектептері аз болды. Колледж ұстаздары ауыл мектептерінің мұғалімдеріне арнап «Үлгі сабақтар» көрсететін. Сондай уақытта Нұржамал Ислямқызы қаладағы №21 мектептің акт залында біздің топ студенттерімен үлгі сабақ көрсеткені бізге сенім артқаны, біздің де осал т студент болмағанымызды дәлелдейді. Қазақ тілін бастауыш сынып оқушыларына үйретудің әдістемесін меңгертіп, әліппені оқытудың 3-кезеңі, сөзді құрамына талдау, сөйлем мүшелері мен сөз таптарын оқыту, т.б. тіл білімінің қыр-сырын меңгерткен ұстазымызды мақтан тұтып, білім негізін берік қалаған ұстаздың нағыз шебер екенін мақтан тұтамыз.
Ұстаздың абыройлы еңбегі еленіп, 1984 жылы «Еңбек ардагері», 1985 жылы «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері» төсбелгісімен, 1989 жылы «Аға оқытушы» атағымен марапатталған ұстаз бүгінде зейнеткер. Екі ұлы мен бір қызынан немере, жиен сүйген бақытты әже.
Жолдасы Есеев Лұқпан Қабылұлы да ұстаз, 1957 жылғы біздің колледж түлегі. «Қазақ ССР Халық ағарту ісінің озық қызметкері» , облыстық, қалалық, аудандық партия комитеттерінің мүшесі және депутаты болған. Нұржамал апай өз сөзінде ағайдың жұмыс бабымен өзінің жұмыс орнының өзгеріп отырғанын түсіндіреді.
Нұржамала Ислямқызы өзінің еңбек нәтижесіне бір марқайып, масаттанып көрмеген жан. Үнемі сол сабырлы қалыпта тұрады.
Өткен аптада арнай хабарласып, ұстазыммен кездесіп, студенттік шақты еске алып, бір шүйіркелесіп қалдық.
Ұстаз өз сөзінде «Барлық жақсылығымыз, елге еңбек еткеніміз, осы училещеден алған біліміміз арқасында. Бүгінгі таңда осы мекемені басқарып отырған ұстаздардың ұстаханасына айналған Ж.Досмұхамедов атындағы педколледжді басқарған Ш.Х.Құрманалинаға және қазіргі ұжым мүшелеріне де алғысымыз шексіз, Түлектерді ешқашан ұмытпай, ардагер түлек ретінде мерекелерінен қалдырмайды,-дейді ұстаз-ана.
Біз сізбен мақтанамыз, Үлгілі Ұстаз! Берген тәрбиеңіз бен біліміңіз әлі бізге өмірге азық болып, тұлға болып қалыптасып келеміз. Аман жүріңіз Үлгілі Ұстазым!
Г.С.Нурашева-педагогикалық колледждің 1992 жылғы түлегі, п.ғ.м.