27 қазан күні Жаһанша колледжінде қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасы жанындағы «Зерде» клубының декада аясындағы дәрісі «Рухани үндестік» тақырыбында ақын Ғайса-Ғали Сейтақ пен ардагер-ұстаз, ақынның жан жары Тамара Нәбиқызының шығармашылығына арналды.
Кездесу барысында Тамара Нәбиқызының “Ене тағылымы” атты кітабының таныстырылымы болды.
Күй атасы Құрманғазы төрткіл Қазақстанның бар жеріне табаны тимесе де, «Сарыарқадай» күйді бізге мұра етіп қалдырды. Ақын да Қазақ жерін тұтастай өз туған өлкесіндей сүюді, мақтаныш ету дәстүрін жалғастырып келеді. Дәл осы мақсатта жазылған «Отаным, Орда, Оралым», «Кіндікқала», «Ақтөбе», «Атырау», «Ақтау», «Қарағанды», «Көкше», «Семейім» өлеңдерін 2ап КШК тобының студенттері мәнерлеп оқыды.
Ақынның жыр жинақтарының атаулары бейнелі, кестелі сөзбен беріледі, соның бірі «Нарынның нар ұлдары» өлеңі. Бұл өлеңге әдемі әуен жазылған. Бүгінгі кеште музыка кафедрасының оқытушысы Б.Н.Бакимов пен студенттері орындады. Ақынды теңеген “Егер Бөкей көшпесе” өлеңіне Жақсылық Қаздықұлы Бисенғалиев күй шығарып, күйді арнайы нотаға түсіріп, колледжіміздің музыка кафедрасының оқытушысы Қ.А.Есқайров орындады.
Қонағымыз Ғайса ақын өз шығармашылығынан көрермендерге өлеңдерін оқып берді. Ақынның бойына киелі өнер ана сүті мен от кешіп Отан қорғаған атадан қонған. Елін, туған жерін сүюді анасынан үйренген. Анасына, туған жеріне, Отанына арналған «Мен туған үй», «Анашым», «Жанбаса-дағы от көзде» өлеңдерін 3пКШК, 2аКШО-9 тобының студенттері мәнерлеп оқыды.
Сонымен қатар, кездесу барысында Тамара Нәбиқызының қазақ әдебиеті тарихында тұңғыш рет ене жайлы жазылған “Ене тағылымы” атты кітаптың тұсаукесері өтті. Бұл кітап жайлы ақын Байбота Қошым-Ноғай әлеуметтік желіде: “Елде бұрын болмаған ерекше кітап екен” деп кітаптың өзгешелігін бағалаған. “Ене тағылымы” кітабының электронды нұсқасын оқыған колледжіміздің оқытушылары А.Қ.Уразгалиева, Л.С.Есенова, А.А.Муратбекова және кітапхана меңгерушісі Ұ.Кабиева “Кітапта құдды бір өз енемді көргендей болдым, тәрбиелік мағынасы терең, қазіргі таңда келіндерге арналған үздік мотивациялық кітап” деп жоғары бағалады. Кітаптағы ененің айтқан сөздеріне тоқталып, жиналған қауымға тереңінен түсіндірді. Кітаптың таныстырылымынан соң, Ғайса ақынның “Жаңбырдан соң” өлеңіне жазылған әнді колледжіміздің 2018 жылғы “Қазақ тілі мен әдебиеті” мамандығының түлегі Сүйлейменова Наргиза орындады.
Кездесу соңында Ғайса-Ғали Сейтақ ұйымдастырушы Қ.Ү.Жақыповаға алғысын білдіріп, жиналған қонақтар мен студенттердің құрметіне “Бесік” өлеңін оқып берді. Тамара Нәбиқызы студенттерімізге: “Ойларыңызға тазалық, ақылдарыңыңызға нұр, жүректеріңізге иман, денелеріңізге күш-қуат тілеймін. Бақытты, ғұмырлы болыңдар!” деп батасын берді. Сонымен қатар, “Ене тағылымы” кітабын оқытушыларға сыйға тартып, қолтаңбасын берді.