Жаһанша жоғары педагогикалық колледжінде Алаштың ақылшысы, терең ойшыл, даңғайыр шежіреші, ұлы шайыр Шәкәрім Құдайбердіұлының туғанына 165 жыл толуына орай «Адамзат таныған Шәкәрім» атты Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасы ұйымдастырып отырған онкүндіктің ашылу салтанаты болды.
Шәкәрімнің даналық сөздері, арнайы банер, кітап көрмесі ұйымдастырылып, әсем безендірілген салтанатты шараға , қазақы қара сөздің қадірін білетін, салмағын сезінетін, астарын ұғынатын ұлағатты ұстаздар мен білімпаз студенттер көптеп жиналды.
Шараның басты мақсаты - Шәкәрім тұлғасын тереңірек танытып, ақын мұрасын кеңінен насихаттау. Шәкірттерді шайыр шығармаларындағы құндылықтарға қанықтыру. Осы онкүндік аясында оқу орнының оқытушыларынан бастап, студенттеріне дейін Құдайбердіұлы қаламынан шыққан Шәкәрім шығармаларының құндылығына қанығып, көзінің тірісінде кемелдікке жеткен кемеңгер мұраларын тереңнен танымақ ниетте. Шара Шәкәрім мен Мұхтардың дидарласып, сұхбаттасқан сәтіндегі көрініспен басталды.Мұнда Шәкәрім Абайдың өзіне айтқан өсиеттерін тілге тиек қылады.Одан соң ақынның «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» деген әні мен «Жастарға» атты дүйім елге бек танымал өлеңі оқылды.
Ақын шығармаларының шыңырауына бойлап, трактаттарының тереңіне үңіліп, сырын сезіну оңай дүние еместігі білгілі. Сондықтан онкүндік аясында жоспарланып отырған іргелі іс-шаралардың маңыздылығы мен мәні үлкен екені даусыз. Жиналған қауымға кафедра оқытушылары жеке-жеке онкүндікке жоспарланған жұмыстарды таныстырып өтті.
«Онкүндіктің ашылу шарасында қортынды сөз алған колледж директоры Алтынгүл Қайырлиева қазақтың тұңғыш кәсіби пәлсапашы философтығы, ақыл-ойдың алыбы Абайдың алдын көріп, ұлы тұлғаны ғұмырлық ұстаз тұтып, орыс классигі Толстоймен дос болып, хат алысқан алаштың алып ойшылдығы, сонымен қоса саяқ ғұмыр кешкенде ермегі болған саятшылығы мен сазгерлігі, тарихшы-шежірешілігі мен діни данышпандығы бір бойында тоғысқан алып тұлғаның бүгінгі таңда әдебиетіміз бен мәдениетімізден ойып тұрып орын алатын ролі әлі талай ғасырдан ғасырға көш түзейтіндігіне тоқталды. Жалпы, Жаһанша колледжінде Ұлт таныған- Ұлы тұлғалардың өмірі мен өнегесі үнемі насихатталып отыратындығы жас ұрпақ тәрбиесіндегі басты ұстанымдардың бірі – деді ол.