Жаһанша Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледжінде Білім күніне арналған салтанатты шара болып өтті. Жиынға колледжде ұзақ жылдар еңбек еткен ардагер ұстаздар, «Алматы кітап» баспасының тренинг орталығының басшысы Айнагүл Берниязова, колледж ұжымы, студенттер мен олардың ата-аналары қатысты.
Колледж директоры Алтынгүл Қайырлиева өз құттықтау сөзінде өткен жылы алаш арысы Жаһанша Досмұхамедұлының туғанына 135 жыл толса, биыл оқу орнының құрылғанына 110 жыл толып отырғанын, жаңа оқу жылына колледж ұжымы үлкен дайындықпен тың жаңалықтарымен келіп, колледждің техникалық базасы мен оқу- тәрбие жұмыстары заман талабына сай жылма-жыл жаңартылып отыратындығын тілге тиек етіп, барша қауымды жаңа оқу жылымен құттықтап, бірінші курс студенттеріне сәтті қадам тіледі.
Педагогикалық еңбек ардагерлері атынан колледжде ұзақ жылдар ұстаздық етіп, директордың оқу - ісі жөніндегі орынбасары қызметін абыроймен атқарған «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегері Шолпан Набидоллина құттықтау сөз сөйледі. «Алматы кітап» баспасының тренинг орталығының басшысы Айнагүл Берниязова өз сөзінде Президент тапсырмасына сай «Алматы кітап» баспасы жасақтаған электронды оқулықтар платформасын колледж ұжым белсенділікпен қолданып, Республикалық байқауда колледж студенттері жүлделі орындарды иеленгенін айта келіп, оқу орнының ұжымына арнайы диплом мен кәдесыйды табыстады. Шарада колледж студенттерінің орындауларында «Жаһанша» әні шырқалып, Жұбан Молдағалиевтің «Мен қазақпын» поэмасы оқылып, «Адай» күйі орындалды.
Салтанатты жиын әрі қарай топтарда ардагер ұстаздар қатысқан "Тарихы терең, тағылымы мол білім ордасы " атты тәрбие сағаттарымен жалғасты.