Ж.Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжінде әдіскер Б.М.Кәрімованың ұйымдастыруымен «Бастауыш білім беру» мамандығы 2аКШО-9 тобында 7 маусым күні «Қазіргі қазақ тілі, әдістемесі, каллиграфия» пәнінен оқу практикасының қорытынды сабағы өтті. Мақсат- оқу практикасы барысында студенттердің бастауыш сыныпта қазақ тілін оқыту бойынша жинақтаған білім, білік, дағдыларын саралау.
Шараға колледж директорының оқу-өндірістік ісі жөніндегі орынбасары М.С. Мұқашев қатысты. Топ студенттері өзара 3 сынып бойынша топқа бөлініп, 1-кезеңде «Қазақ тілінен» қысқа мерзімді сабақ жоспарларын қорғап, сабақ жоспарлау, оқу мақсаттарымен жұмыс, сабақ кезеңдері бойынша бекіту тапсырмаларын, ақпараттық технологияларды орынды қолдану дағдыларын көрсетіп сабақ ішіндегі сабақ өткізді. Студенттер сабақ барысында оқушылардың шығармашылық әрі ойлау қабілеттерін дамыту мақсатында түрлі әдіс-тәсілдерді ( «LearningApps» , «WordWall», « Padlet» «Canva») цифрлық технологиялар мен көрнекі құралдарды қолданды.
2-кезеңде әр топ өздерінің ізденіс жұмыстарын ортаға салды. Солардың бірі - «Әдебиеттік оқу» және «Қазақ тілі» пәндері бойынша мақал – мәтел, жұмбақ-жаңылтпаштардың жинағы. Студенттердің бағдарлама бойынша әр тақырыпқа сай, оқулықтан тыс, мақал-мәтел, жұмбақ-жаңылтпаштарды жинақтауы- бастауыш сынып оқушылардың сөздік қорын молайтып, ойлау, сөйлеу, тілдік дағыларын арттыратыны сөзсіз. Сондай-ақ студенттер машық барысында 1-4-сынып «Ана тілі», «Қазақ тілі» пәндерінен бағдарламадағы тілдік норма мақсаттарына сай ережелерді жинақтады. Жинақта алдымен «Қазақ тілі» пәнінен берілетін білім мазмұны әр сала бойынша кесте түрінде берілген, әр кестеден кейін 1-4 сынып бойынша ережелер жинақталған. Бұл- машықкерлер, болашақ мұғалімдер үшін де аса қажетті көмекші құрал болып табылады.
3-кезеңде қазақ тілін оқыту әдістемесі бойынша әр топ бір-біріне сұрақтар қойып, өз білімдерін ортаға салып, оқу практикасы бойынша оқу бағдарламалары, қысқа мерзімді жоспар, дактикалық материалдар және көрнекіліктерден тұратын портфолиоларын қорғады.
Шара соңында колледж директорының ОӨІ жөніндегі орынбасары М.С. Мұқашев топ студенттерінің ізденістерін жоғары бағалап, әдіскер Б.Мақсотқызына ризашылығын білдіріп, студенттердің көрсеткен сабақтары туралы өз ұсыныстарын да жеткізді.