Бүгін Жаһанша колледжі ұжымының ұйымдастыруымен «Жұмыс берушілер күні» шарасы өткізілді. Шараға бірнеше жылдан бері студенттердің кәсіби құзыреттіліктерін қалыптастыруға әдістемелік қолдау көрсетіп, материалдық-техникалық ресурстармен қамтамасыз еткен жергілікті мектептер мен мектепке дейінгі ұйымдардың басшылары шақырылды. Аталмыш білім беру мекемелері кәсіптік педагогикалық практика нәтижесі бойынша колледж түлектерін жұмыспен қамтып, жас мамандардың тағлымдамадан өтіп, тәжірибе жинауына барынша жағдай жасап келеді. Бағдарламаның мақсаты - қадр даярлау сапасын арттыру жолында жұмыс берушілермен одан әрі тиімді байланыс орнатып, өзара ынтымақтастықты нығайту.
Білім беру ұйымдары басшыларымен басқосу барысында келген қонақтарға колледж дәрісханаларына экскурсия жүргізіліп, кафедра меңгерушілерінің ғылыми жобалары таныстырылды. Қонақтарды Қоғамдық пәндер кафедрасы "Жаһанша жолымен", «Батыс Қазақстан облысының киелі картасы» жобаларымен таныстырса, Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасы «Жағаңда өстім, Жайығым» жобасын ұсынды. Орыс тілі мен әдебиеті кафедрасының «Образования без границ», ал Математика және информатика кафедрасының "Сандар шежіресі мен туыстық атаулардың байланысы» атты ғылыми жобалары меймандардың қызығушылығын тудырды.
«Ынтымақтастық - колледж дамуының негізі» атты диалогтық алаңда колледждің даму стратегиясы, НЗМ ынтымақтастық жұмыс, академиялық еркіндік, колледждің цифрлық жүйесі, кәсіптік педагогикалық практиканы ұйымдастыру сынды мәселелер кеңінен талқыланды. Талқылауда №42 «Ақ ниет» гимназиясының директоры Ә.З Губашева: «Инклюзивтік білім беруге көбірек көңіл бөлу керек. Практика барысында сабақтарды талдау, зерттеу жұмыстарына жіті назар аударсаңыздар. Жазғы практикаға баратын студенттерге жазғы мектептерде жұмыс жасау құзыреттіліктерін меңгертіп және студенттердің дипломдық жұмыстарының жетекшісі ретінде мектеп мұғалімдері де тартылса»,-деген ұсыныс-пікірін білдірді. Ал №37 ЖОББМ директоры А.Ғ.Жұмағалиева: «Менің осы оқу орнының дайындап отырған мамандарына толық көңілім толады. Колледж түлектері мектепке мұғалім болып орналасқанда оқу-тәрбие үдерісіне тез сіңісіп, кәсіби құзіреттілікті меңгергендері көрініп тұрады. Колледж ұжымының ұстаз дайындау жолындағы жұмысына жеміс тілеймін»,-деп ризашылығын жеткізді.
Шара соңында А.Байтұрсынов атындағы №10 ЖОББМ директоры С.Д.Кенжеков пен №34 «Балбұлақ» бөбекжайының басшысы Ә.М.Айтқалиева Оқу-ағарту министрінің алғыс хатымен марапатталса, жеті жұмыс беруші БҚО Білім басқармасы басшысының және сегіз жұмыс беруші «Атамекен» ҰКП Төрағасының алғыс хаттарымен марапатталды.