28 қазан күні студенттер үйінде тәрбиеші Г.Т.Шахаева «Қайсар қызы қазақтың» тақырыбында мұражайға саяхат ұйымдастырды.
Мақсаты: Студенттердің Ұлы Отан соғысындағы Ұлы Жеңістің маңыздылығын ұғынуларына жағдай туғызу. Ұлы Отан соғысында туған жерін қорғаған Қазақстан азаматтары туралы мәлімет беру. Аты аңызға айналып, ерлік істері барша ұлтты таң қалдырған қазақтың қайсар қызы Мәншүк Маметованың жарқын өмірі және Ұлы Отан соғысындағы ерлік істерін ұрпаққа үлгі етіп, өнеге ету. Студенттердің бойына патриоттық сезімін ояту. Отан сүйгіштікке, ерлікке, адалдыққа баулу.
Мәншүк Маметованың туғанына 100 жыл толуына орай қаламыздағы Мәншүк өмір сүрген үйге студенттер үйі тұрғындарымен саяхатқа барып қайттық.Мұражай орталық көшелердің бірі Сарайшықтың бойында орналасқан.Оны 1982 жылы батыр қыздың 60 жылдығына арнап ашқан болатын. Кешеннің орта тұсында жас Мәншүктің мыстан жасалған шағын ескерткіші орнатылған.Мәншүктің шын есімі – Мәнсия.Туған әке-шешесінен ерте айырылған ол Әмина және Ахмет Мәметовтердің қолында өскен.Мұражайда Мәметованың ескерткішінен бөлек оның қолданған заттары да қойылған.1932-1934 жылдар аралығында Мәншүк Орал қаласында тұрған.Ол анасына жазған соңғы хатында Отаны үшін, ата-анасы үшін қаза табуға дайын екенін жеткізген.
Бүгінде Невель қаласында Мәншүк Маметованың атында көше бар.Сондай-ақ Қазақстанның барлық ірі елді мекендерінде батыр қыздың есімімен көше аттары мен түрлі тарихи орындар аталған. Қаламызда оған ескерткіш қойылып, халықаралық әуежайға Мәншүк Маметованың есімі берілген.
Қазақтың қайсар қызы , Кеңес Одағының батыры Мәншүк Жиенқұлқызы Мәметова қан майданға аттанғанда небәрі 18 жаста болатын. 21 жасында соғыста қаза тапқан батыр қыздың есімі тарихта мәңгіге қалды.
Бүгінде батыр қыздың атындағы мұражайға келушілер саны аз емес.Біздің студенттерімізде Отан қорғау жолында шейіт болған Мәметованың ерлігі жайлы тың деректер біліп қайтты.