21 қыркүйек күні, сағат 15:00-де Ж.Молдағалиев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының оқырман залында өңірімізге белгілі ұлағатты ұстаз, ҚР Білім беру ісінінің құрметті қызметкері Қырымжан Үмбетрзақызы Жақыпованың 60 жасқа толу мерейтойына орай «Білімі-дария, тәлімі-тәрбие» атты кездесу кеші болып өтті. Аталмыш шараны озық оқытушының өзі ширек ғасырға жуық қызмет жасап келе жатырған Ж.Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжі ұжымы ұйымдастырды.
Кездесуге кеш иесі - Қырымжан Үмбетрзақызының үзеңгілес дос-құрбылары Рысханым Сәлімқызы, Нұрғаным Ақмайқызы және әр жылдары бірге жұмыс жасаған Маржан Қабошқызы, Майра Сағынғалиқызы, Айгүл Бисембайқызы, Айнагүл Оразайқызы сынды әріптестері қатысып, әсерлі естеліктермен бөлісті. Одан бөлек, бүгінгі Әл-Фараби атындағы ҚҰУ-і қабырғасында төрт жыл бірге оқыған курстас құрбысы, қазіргі Қазақстан-Британ техникалық университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Дәлетбекова Жанат Тұрарбекқызы, бұрыңғы әріптесі тілші-ғалым Ниязғалиева Ақзия Әділқызы, Атырау қаласындағы Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының көркемдік жетекшісі, белгілі режиссер, ұстаздың шәкірті Мұқанғали Томанов құттықтауларын бейнеэкран арқылы жолдап, мерейтой иесінің болмыс бітімін, кісілік келбетін кеңінен аша түсті. Сұхбат барысында ұстаздың бал-шырын балалық шағынан бастап, өнегелі өмір жолынан жастар өнеге алар көптеген мәліметтер беріліп, ескірмес естеліктер кешке келген көпшіліктің еріксіз көңілін тербетті. Жарты ғасырға жуық ұстаздық ғұмырында мыңдаған шәкірттің талабын шыңдап, қадамын нықтап, талабын ұштаған ұстаздарының мерейтойына өңіріміздің түкпір-түкпірінен келген колледж түлектері де өте көп болды. Қырымжан Үмбетрзақызының үмітін ақтаған Динара Қыдырбайқызы, Эльвира Айдыналиева, Жеміс Лұқпанова, Гүлден Аюпова, Самат Байболатов, Зафура Мамут сынды үлгілі шәкірттері бастап келген бір топ түлектер сүйікті ұстаздарының құшағын гүлге, жүрегін жырға бөледі. Шәкірттерінің жырдан шашу шашып, шынайы көңілден асыл ұстаздарына аста-төк алғыстарын жаудырып, риясыз ризашылықтарын жеткізуі кештің шырайын кіргізді. Ұстазды ұлықтаудың шынайы үлгісін көрсеткен кездесу кеші көпшіліктің есінде ұзаққа сақталары сөзсіз.