Сөзімнің басын: "Ұстаздық - ұлы құрмет. Себебі, ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді... Өмірге ұрпақ берген аналарды қандай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да сондай ардақтауға міндеттіміз”- деген халқымыздың батыры Бауыржан Момышұлының даналығымен бастағым келіп отыр.
Ж. Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжі қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, өзінің қарапайымдылығымен, мейірімділігімен және біліктілігімен кез-келген шәкірт жүрегін жаулай білетін сүйікті ұстазым Құрманғалиева Баян Берікқызына 4сҚМҚ-9 тобының студенттері атынан үлкен алғысымды білдіремін. Бар білгенін баладан аямайтын, қашан да өзінің білім жолында алған тәжірибесін өзгелермен бөлісіп жүретін, қарапайым, жылы жүзді, жайдары мінезді жетекшіміз әр шәкіртінің жадында жақсы сақталады.
Сонымен қатар, Абайдың тереңіне бірге бойлап, қанатты сөздерін құлағымызға құйған қадірлі ұстазым Жақыпова Қырымжан Үмбетырзақызына өз ризашылығымды білдіремін. Жалынды жырларды жаттатып қана қоймай, тағылымы мол әңгімелерімен ұлттық құндылықтарды да насихаттай білген ұстазым, үйретуден еш жалыққан емес. Адамға біраз ой тастайтын әсерлі сөздері шәкірт санасында жаңғырып тұрары анық. Сіздей жанашыр ұстаздан тәлім алған біздей шәкірттерде арман жоқ. Сіңірген бар еңбегіңіз үшін алдыңызда мәңгі борыштармыз. Өз бойындағы ар-ұят, намысшылдықты, мейірбандық пен адамгершілікті көрсетіп, терең білім иесі болуымен қатар жауапкершілікті сезінуді үйреткен, шәкірттеріне үлгі бола білген ұстаздарға қандай құрмет көрсетсек те аздық етері анық. Осындай ізгі қасиеттердің барлығын өз ұстаздарымның бойынан көре алғаныма қуанамын.
“Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға” - деп кемеңгер Абай айтқандай, сіздер жүріп өткен, біз қадам басқалы отырған дара жолдың қыр-сыры мол, қызығымен бірге қиындығы қатар жүретінін мойындаймыз. 4 жыл ішінде сапалы білім беріп, көптеген жетістіктерге жеткізіп, үлкен белестерді бағындыруға үлес қосқандарыңыз үшін алғыс айтамыз.
Сөз соңында, колледж табалдырығын бірге аттаған, ендігі кезде, бітіруші түлектерге өмірлік біліммен сусындатқан ұстаздарының үмітін ақтап, елдің абыройлы азаматтары мен азаматшасы болуларына тілектеспін. Алар асуларыңыз биік, бағындырар белестеріңіз көп болсын!