Ж.Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжінің қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының 4-курс студенттері топ жетекшісі Алтынай Жауарбекқызының ұйымдастыруымен 7 сәуір күні Қадыр Мырза Әлі орталығында өткен облыстық "Самал" мұғалімдер мен оқушылар басылымының 20 жылдық мерейтойына арналған әдеби-сазды кешін тамашалады.
Шара шымылдығын ашқан Қадыр Мырза Әлі орталығының директоры Халиолла Бауыржан Ергенұлы өз сөзінде балалар басылымын кішкентай бүлдіршіндердің алданышына балап, соларға ғана арналған шақтаулы шағын басылым деп қарамай, балалар басылымы кішкентай оқырмандарды тәрбиелейтін шығармашылық үлкен мектеп деп қарайтын болсақ, осы тұрғыдан алғанда 20 жылға жуық өз міндетін адал атқарып келе жатқан “Самал” газеті ұжымына үлкен алғыс білдіретінін ерекше атап өтті. Заман талабына сай балалар басылымы тілі мен жазу стилі де өзгеретінін заңдылық деп қабылдасақ, қазіргі таңда балаларға арнап шығарма жазудың қиындығы бүгінгі бала табиғатының күрделілігін айқындайды. Қазіргі заманның балалары ақпараттың ағымына сусындап өсіп келе жатқан жеткіншектер. Олардың қызығушылығын ояту үшін көп тер төгуге тура келеді. “Самал” мұғалімдер мен оқушылар басылымы - қоғамымызбен бірге туып, бірге қайнасып келе жатқан облысымыздағы бірегей іргелі рухани сала болғандықтан, газеттің өркендеуіне үлес қосқан ұстаздар мен оқушылар осы шара аясында марапатталды. Шараның көркін " Батыстар" тобы әншілері өз әндерімен қыздыра түсті. Шара барысында облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Қадыралиев Дархан сөз сөйлеп, бас редактор Жұмажан Қадемұлын құттықтап, әкімшілік хаты мен сыйлығын табыстады. Сонымен қатар Дархан мырза газетке еңбек сіңірген ұстаздарды облыс әкімі Ғали Нәжімеденұлының алғыс хатымен марапаттады. Шара соңында БҚО білім басқармасы басшысының орынбасары Темірғалиева Светлана ханым сөз сөйлеп, балалар газетінің дамуына үлес қосқан ұстаздарға алғысын білдірді. Алдағы уақытта “Самал” газеті балғын бөбек бүлдіршін жастарды сұлулыққа құштандыратын, отан сүйгіштік, ерлік рухына ұмтылдыратын тәрбиешілік қызметін бұдан әрі де жалғастыратынына сеніміміз мол.