#менқашықтаноқытамын
#яобучаюдистанционно
#ЖаһаншаКолледжі
Қиын кезең. Дәл осындай кезеңдерді бастан кешеміз деп үш ойласақ түсімізге кіріп пе?! Соңғы рет пединституттағы «Гражданская оборона» сабағында ана бір противигаз, респиратор деген тұмшаларды, көкшіл маскхалаттарды кигізіп, "енді жүгіріңіз" деген военрукқа «Қайдағыыы, енді ондай заман болады дейсіз бе, біздің кезімізде бәрі басқаша болады ғой» дейтін едік жастық амбициямен...Міне, бұған да келіп қалдық. Не дерсің, бұдан да аман өтерміз.
Жә, жұмысыма көшейін. Виртуалды білім беретін біраз дүние бар екенін, заманның соған жылжып келгенін білгенімізбен, арқаны кеңге салып жүрген халық едік, оқытушылар деген. Тақтаға байланып, аудиторияға арқа тіреп.... Онлайнға көштік бәріміз...
Қашықтықтан оқытуды осынау қиындау кезеңде шұғыл бастадық, дегенмен, күннен күнге өзіміз де, студенттеріміз де ысылып келеміз.
Біраз нәрсеге көзіміз жетіп отыр. Бір мәселені шешу үшін 4-5 күнімізді ысырап қылып, ойдай іссапар шығындарын қазынадан төлеп, Астанамыз Нұрсұлтанға жиналыс деп барып қайтатын шаруалар енді орнымызда отырып онлайн шешіліп жатыр.
Біздің оқу орнымыз «Білім» бейініндегі педагогикалық мамандықтар бойынша республикалық Оқу әдістемелік бірлестіктің орталығы болып табылады. 27 наурыз күні еліміздің бірнеше педагогикалық колледждері қатысқан жиналыс өткізуге бастама бердік. Қазіргі жағдайда қашықтықтан оқыту тәжірибемізбен бөлісу, күрделірек проблемеларды бірлесіп шешу қажет болды.
Жан жақтағы әріптестеріме бастамамызды қабыл алып, видеожиналысқа қатысқаныңыз үшін алғысымды білдіремін!
Оқу жоспарын орындауға қатысты бәрімізге ортақ мәселеміздің шешімін талқыласып, бір пікірге келгеніміз төмендегі бейнероликтен көрініп тұрған сияқты.