19.09.2019 жылы Ж.Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледж директоры С.М.Бахишеваның басшылығымен директордың ОӨЖ жөніндегі орынбасары М.С.Мұқашев пен педагогика және психология кафедрасы оқытушылары «Педагогикалық кластар-мамандыққа бастар жол» тақырыбында өзекті жобасының басталу семинарын өткізді. Семинарға облыстық білім басқармасы жанындағы әдістемелік кабинеттің директоры А.О.Хамзина қатысып, облыстық білім басқармасының басшылығымен мектептерде арнайы эксперимент алаңдары белгіленіп, педагогикалық кластар ашылуы заман талабынан туындағанын айтты.
Семинардың мақсаты-БҚО білім басқармасының ұсынысымен мектептерде ашылған педагогикалық кластармен жұмыста колледж тарапынан әдістемелік көмек көрсету, өзара тәжірибе алмасу, бірлескен жұмыстың нәтижелі болуына жағдай жасау, өзекті проблемаларды айқындап, оны шешудің жолдарын бірлесе қарастыру.
Семинарға педагогикалық класс ашуда серіктес болған Бөрлі ауданы, Ақсай қаласы №1ЖОББМ, Бәйтерек ауданы Қ.Аманжолов ат. ЖОББМ, Тасқала ауданы, С.Жақсығұлов ат. ЖОББМ , Шыңғырлау ауданы, Шыңғырлау ЖОББМ, Теректі ауданы, Феодоров ЖОББМ, Орал қаласынан №1.№3ЖОББМ директорлары мен оқу ісінің меңгерушілері және сабақ беретін мұғалімдер, облыстық әдістемелік кабинет әдіскері Динара Жексенғалиқызы мен қалалық білім басқармасынан мектеп секторының меңгерушісі Айтжан Мақсотқызы қатысты.
Шара оқу орнының тарихын таныстырудан бастау алып, арнайы жабдықталған кабинеттерді оқу процесінде пайдалану жолдарын көрсетумен жалғасты. «Колледж студенттерінің өнер галереясында» болып, олардың шығармашылық жұмыстарынан жасалған көрмесін таңданыспен тамашалады.
Семинардың екінші бөлімі өзекті тақырып төңірегінде топтық жұмыспен жалғасты. Шара «Танысу» тренингінен басталып, «Осы семинарға келгендегі мақсатыңыз қандай?» деген сауалмен семинардан не жаңалық күтетіндері анықталды. Ынтымақтасқан жұмыс барысында жеке, жұптық, топтық жұмыстар арқылы педагогикалық кластардың мектепке қажеттілігі, пайдасы, қиындықтары мен ұсыныстары кеңінен ашылды. Колледждің педагогика пәні оқытушылары жасаған «Педагогикалық мамандыққа кіріспе» элективті курсының бағдарламасы талданып, мұғалімдердің жұмысын жоспарлауға бағыт берді. Мектеп мұғалімдері өз жұмыстарындағы тәжірибелерімен бөлісіп, сұрақтар қойды. Ынтымақтасқан жұмыстың жылдық жұмыс жоспар-күнтізбесі жасалып, таратылды. Бірлескен жұмыстар колледж қабырғасында және аудан, қала мектептеріне жоспарланған семинарлармен жалғасын табатын болады. Бірлескен жұмысымызда ынтымақтастық, өзара көмек көрсету мақсатында мектептер мен колледж арасында меморандумыға қол қойылды.
Семинар соңында колледж директоры Светлана Меңдіғалиқызы айтылған ұсыныстар негізінде бірлескен жұмыстың нәтижесі болатынын айтып, сәттілік тіледі. Семинар нәтижелі өтіп, өз мақсатына жетті.
«Білім» бейіні бойынша оқу-әдістемелік бірлестік төрағасының орынбасары Г.С.Нұрашева