Ж.Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжінде білім күніне арналған салтанатты жиын өтті. Жиынға "Құрмет" орденінің және халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығының иегері Бақтыгереева Ақұштап Бақтыгерейқызы, колледжіміздің "Ұрпақтар сабақтастығы" клубының төрағасы, белгілі өлкетанушы-ғалым Жайсаң Ақбай ағамыз, педагогикалық еңбек ардагерлері Цымбал Надежда Николаевна, Белоконь Лидия Ивановна, Губашева Балғаным Салауатовна, Нугманов Максим Капаевич, Сулейменов Мақсот Насикенұлы және Батыс Қазақстан облыстық Білім басқармасы техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің басшысы Мұстафин Асан Абайұлы қатысып, ұстаздар мен шәкірттерді білім күнімен құттықтады.
Өз сөзінде ақын апамыз А.Бақтыгереева: Білімді ұрпақ ел келешегі екендігін, студенттерді оқу мен білімнің теңізіне еркін жүзуге шақырды. "Көңіл - терең теңіз, білім - тереңінде жатқан інжу - маржан" дегендей жас ұрпақтың білім арқылы ғана әлемдік деңгейге құлаш ұра алатыны анық. "Қызға қырық үйден тыйым" деген халқымыздың ұлағатын студент қыздардың санасына тағы бір ескертіп өтті. Ал тарихшы-өлкетанушы Жайсаң Ақбай ағамыз болса, жас ұрпақтың өз өлкесін сүйе білетін, жігерлі, намысты, елжанды азаматтар болуына тілек білдірді. Колледж директоры, педагогика ғылымдарының докторы С.М.Бахишева өз сөзінде ата-аналар мен студенттерді, ұстаздар қауымын "Білім күні" салтанатымен құттықтады. "Мейірімді, таза болса тәрбиесі, Баланың еркін өсер тәртібі-есі" - деген Жүсіп Баласағұн бабамыздың ойымен ұштастырып, студенттерімізді тәрбиелі, білімді, саналы болуға үндеді.
Тәрбие бөлімі