2019 жылдың қазан айы бойы 1 курс студенттері, қараша-желтоқсан айлары 2-3-4 курс студенттерінің ата-аналарына «Отбасы – ұлт рухының айнасы» атты ата-аналар жиналысы топтарда өткізілді. Топ жетекшілер ата-аналарға әртүрлі тренингтер, көрме, бейнебаян көрсетілімдері, топтық жұмыстар жүргізіп, дәрістер оқыды.
25 қазан күні 1аКДО тобында «Бала ата-ана айнасы» ата–аналар жиналысын өткізді. Жиналыстың күн тәртібінде 4 мәселе қаралды. Жиналыс «Жылы лебіз» ата–аналарға арналған тренингтен бастап, бірінші мәселе бойынша ата-аналармен қызықты тренинг өткізді. Бірінші «Сәлемдесу» жаттығуын, содан кейін «Өз балаларының есімдерін қорғау» тренингін ұйымдастырды. Бұл тренинг арқылы ата-аналар бір–бірімен танысып,өз ойларын ортаға салды.
Ата-аналар жиналысының негізгі бөлігі студенттердің колледждегі, сабақтағы тәртібіне қатысты «Менің құқықтық алаңым» атты тәрбиелік және ағартушылық бағыттағы шарамен жалғасын тапты. Жалпы баланың құқығын қорғайтын құжаттар, баланың құқықтары туралы студенттерді алдын ала дайындалған слайд арқылы таныстырды. Колледждің ішкі тәртіп ережесін негізге ала отырып, студенттердің құқықтары және міндеттерін айқындайтын нақты мысалдар келтірді. Студенттердің сөз бостандығына ие болу, мәдениет жетістіктерін пайдалану секілді құқықтары шектелетін жағдайларды айтып өтті.
Жиналыстың 3-ші мәселесі «Топтың колледжге бейімделу үрдісі» болатын. Колледж психологы Курмангалиева Назерке Хамитқызы топқа 1 курс студенттерінің колледж жағдайына бейімделу сауалнамасын өткізгенін айтып, нәтижелерін таныстырды. Топтағы 2 студенттің Ақынбекова Айымгүл мен Есмагулова Айкөркемнің сабаққа қиналып жүргенін айтып өтті. Жиналыстың 4-ші мәселесі бойынша топтың ағымдағы мәселелері бойынша сұрақтар қаралды. Ата-аналар түсінбей немесе шеше алмай жүрген сұрақтарын сұрап, кейбір мәселелерінің шешімін тапты.
Жиналысқа директордың орынбасарлары қатысып, колледждегі оқу үрдісі қалай жүретіндігіне жан-жақты тоқталып, ата-аналардың түрлі бағыттағы сұрақтарына жауап берді. Студенттердің әлеуметтік желідегі парақшаларының сараланатынын, сол бойынша зерттеу жұмыстарының жүргізілетінін айтып кетті. Ата-аналарға түрлі қылмыстар, келеңсіз жағдайлардың алдын алу мақсатында балаларына сақ болып, қазірден бастап олардың тәртібіне, ата-анасы жұмыста болғанда үйде немен айналысатынын қадағалап, хабардар болып отыруы керектігі туралы айтылды. Студенттердің кешкі уақытта үйден шықпауы, интернет желісінде түрлі әлеуметтік желілерде отырмауын қадағалау немесе парақшаларындағы посттарды тексеріп отыру тапсырылды. Ата-аналарға барлық сұрақтар бойынша түсінік беру жұмыстары жүргізілді. Ата-аналардың пікірі тыңдалып, жиналыс қортындыланды.