11 ақпанда Ж.Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжінде қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының ұйымдастыруымен Абайдың 175 жылдық мерейтойына арналған «Абайды тану – ұлтыңды тану» атты шара ұйымдастырылды. Абайтанушы ғалымдардың еңбектері арқылы Абай шығармаларының тағылымын таныту, «кәміл адам» концепциясының мәнін, сондай-ақ ақынның заңгерлік қырын ашу мақсаты көзделген шарада Абайтану ғылымының негізін қалаған, ақын мұрасын бастыруға үлес қосқан тұлғалар – Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Назипа Құлжанова, әдеби хатшысы Мүрсейіт Бікеұлының т.б.еңбектері көрсетілді. Абайдың білім бұлағының бастауы туралы «Абай жолы» роман-эпопеясынан көріністер қойылып, студенттер ақынның шығармаларын, қара сөздерін үш тілде мәнерлеп жатқа оқыды. Сонымен бірге өздерінің өлмес туындыларын Абай рухына тарту еткен Шәкәрім, Мағжан, Мұқағалидың өлеңдері мен 2сКШК-9 тобының студенті Әлібекұлы Ақтілектің ақынға арнау өлеңі оқылды. Шара барысында абайтануға еңбек сіңірген Мұхтар Әуезов, Қажым Жұмалиев, Құдайберген Жұбанов, Қайым Мұхамедханов, Рабиға Сыздықова, Мекемтас Мырзахметов, Роллан Сисенбаев, Герольд Бельгер сынды көптеген ғалымдардың Абайды танытудағы еңбектері сөз болды.
Абайды тек ақын, философ, сазгер деп білетін көрермен Абайдың заңгерлік қырымен таныс емес. Бірнеше уақыт бойы назардан тыс қалған Абайдың қайраткерлік қызметіндегі жұлынды саласының бірі «Қарамола ережесі» болатын. Ел ішінде кесімді билік айтып, білім парасатымен көзге түскен Абайға орыс географиялық қоғамының Семейдегі бөлімшесі сенім білдіріп, 1885 жылы «Қарамола ережесін» жазуды ұсынғанда, Абай 3 күн бойына 73 баптан тұратын ережені жазып шыққан. Бұл заңгерлік құжат Дала заңына негізделген Абайдың «толық адам тұжырымының» түйініндей болды. Кештің соңында кафедра оқытушылары мен студенттері Абайдың «Желсіз түнде жарық ай» әнін хормен орындады. Колледжіміздің директоры С.М.Бахишева шараның маңыздылығы мен мазмұндылығына баға беріп, «Әр оқытушының, студенттің өзінің таныған Абайы, өміріне бағыт берген өлеңі не қарасөзі болуы қажет» - деп, ақынның 23, 38-қарасөздерін зерделеп оқуға кеңес берді.