31 қазан күні Техникалық және кәсіптік оқу орындары студенттерінің арасында жүйріктер оза шабатын жыр бәйгесі, облыстық «Ақұштап оқулары» байқауы өтті. Сайыста 11 колледж студенттері бақ сынасты. Байқаудың мақсаты: поэзия шыңына талпынған жастардың қанаттарын қатайту, қаламдарын ұштау, қасиетті қара өлең құдіретін таныту.
Байқау кезеңдері:
І кезең «Мені оқитын, мені ұғатын халық бар» ақын өлеңдерінің бірін мәнерлеп жатқа оқу;
ІІ кезең «Жүрекпін екіге жарылған» Ақынның өмірі мен шығармашылығына байланысты әдебиетші ғалымдардың пікірлері мен ақын поэзиясы, ондағы қанатты сөздер, ақын сөзіне жазылған әндердің авторларына қатысты сандықшада жасырылған сұрақтарға жауап беру.
Сөзі - жібектей жеңіл, ойы – қорғасындай ауыр – сыны мен сырын, қуанышы мен мұңын қатар өріп отыратын өрімтал ақынның өлеңдеріне қаныққан әділқазылар құрамында: Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері, ардагер ұстаз - Жақыпова Қырымжан Үмбетрзақызы, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті тіл, әдебиет және ақпарат ББ жетекшісі, оқытушы, педагогика ғылымдарының магистрі - Мұханбетова Жангүлім Өтепбергенқызы, Х.Есенжанов атындағы облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасының «Хамза қырандары» зияткерлік клубының жетекшісі, ҚР Проза жанры бойынша «Қазақстан үздігі» төсбелгіснің иегері- Едігенов Нұрлан Маралбекұлы болды. Байқау шымылдығы Мұнайдар Балмолданың сөзіне жазылған «Ақұштабы Алаштың» әнімен ашылды.