23 қазан күні ұлтымыздың ұлттық һәм ұлық мемлекеттік мерекесі ретінде ресми мойындалған Республика күніне арналған «Ұраным – Қазақстаным, рухым - Республикам!» атты мерекелік салтанатты шара өтті. Бұл шара колледжде өткізілген ТжКББҰ директорлары кеңесінің отырысымен тұспа- тұс келіп, қонақтар колледждегі атаулы кабинеттер мен үйірме, клубтарының жұмыстарымен кеңінен танысты.
ҚР Мемлекеттік гимнімен ашылған салтанатты жиынға колледж оқытушылары, студенттерімен қатар БҚО ББ басшысының орынбасары Б.Ж.Насимуллин, БҚО ББ ТжКББ бөлім басшысы Б.Д. Сарбалина, БҚО ББ әдістемелік орталығы ТжКББ әдістемелік бөлім басшысы Р.Т.Қуанышалиева және ТжКББ ұйымдары басшылары қатысты.
1990 жылдың 25 қазан күні ҚазССР-нің Мемлекеттік Егемендігі туралы Декларация қабылданып, сол Декларация негізінде 1991 жылы 16 желтоқсанында ата-бабаларымыз ғасырлар бойы аңсаған тәу етер Тәуелсіздікке қол жеткіздік.
25 қазан - Республика күні ұлттық мерекесінің мәні мен маңызынан, тарихи мазмұны туралы баяндама оқылды. Алаш арысы, Батыс Алашорданың көшбасшысы Жаһанша Досмұхамедұлы туралы «Дарын» клубы мүшелерінің «Жаһанша» қойылымы қойлып, колледж түлегі Қаресов Алтынбектің орындауында М.Балмолданың сөзіне жазылған автордың «Жаһанша» әні орындалды. Колледж оқытушылары мен студенттерінің соңғы оқу жылында жеткен жетістіктері мен алған марапаттары, қатысқан жобалары туралы дайындалған арнайы бейнеролик көрсетіліп, музыка мамандығы оқытушылары мен студенттерінің қатысуымен концерттік бағдарлама қойылды.
Колледж директоры А.Ж.Қайырлиева құттықтау сөзімен мерекелік кешті қорытындылап, колледждің белсенді студенттерін марапаттады.
Егемендігіміз еңселі, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай!